Миллиардтаған ақшаны қалталарына басып, Павлодардың «Ертіс» футбол клубын жауып тынған бұрынғы басшылар бірінен соң бірі сотталып жатыр. Жанайдар Дүйсембаев клубты 2017-2018 жылдар аралығында басқарған. Осы уақытта мемлекетке салық төлеуден жалтарып, 250 млн теңге шығын келтірген. Бірақ экс-директор кінәсін мойындамады. Сот күдіктіні 1,5 жылға тар қамаққа жабу жөнінде шешім шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін клубты әр жылдары басқарған екі директор сотталған болатын. Клуб қаржысы талан-таражға түскендіктен, үш жыл бұрын демеушілер қаржыландыруды тоқтатып, Павлодардың «Ертіс» командасы ел чемпионатынан шеттетілді. Кейін мүлдем таратылды. Жанайдар Дүйсембаев сот залында қамауға алынды.
Гүлсім Ахтаева, Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз хатшысы:
Оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тағайындалған жазаны қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтеуі белгіленді. Үкім заңды күшіне әлі еңген жоқ.
Болат Аманбаев