Ақылбек Күрішбаев: Жалған статистика ауыл тұрғындарын жарға жығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақылбек Күрішбаев: Жалған статистика ауыл тұрғындарын жарға жығып отыр

20.01.2022

Ауыл-аймақтарды дамытуға қатысты ұсыныстар әлі де орындалмай отыр. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев осылай деді. Өзекті мәселелерді кезекті рет тізіп берген сенатордың сөзінше ауылдағы жұмыссыздар саны 181 000 адам деген дерек шындыққа сай емес. Ауыл халқының табысы да өте мардымсыз. Айына шамамен 35 000 теңге. Сол себепті халық қалаға ағылуға мәжбүр.

Ірі аграрлық компаниялар пайда табуды ғана ойламай, ауылдардың ішкі проблемаларына үңіліп, түлетуге атсалысуы керек.   

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ?

Ресми дерек бойынша елде 450 000-дай адам жұмыссыз. «Бұл - сенімсіз статистика», - дейді депутат. Дамыған елдерде эпиджағдайға байланысты жұмыссыздық деңгейі 10 пайыздай. Ал, Қазақстанда бар-жоғы 0,2 пайыз. Мұндай жасанды ақпаратқа қоғам да, сарапшылар да сенбейді. Қыруар қаражат уақытша жұмыс орындарын ашуға кетеді деген сенаторлар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына бөлінген 1 трлн теңгенің жүйелі жұмсалуын қадағалау керектігін айтады.  


Хабарламаларға жазылу