Талдықорған қаласы мен Алматы облысының аумағында террорлық қауіптің «қызыл» деңгейі сақталады. Терроризмге қарсы операциялар әлі жүріп жатыр. Алматы облысы бойынша Полиция департаменті, Ұлттық Ұлан және Қорғаныс министрлігінің әскерилері қаланы тәулік бойы бақылайды. Блокбекеттер алынған жоқ. Террорлық қауіп сейілмейінше тәртіп сақшылары азаматтарды және көлік құралдарын тексеруге және заттарын тексеруге, сондай-ақ олардың қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға құқылы. Шерулер мен митингілер өткізуге тыйым салынады.
Серік Күдебаев, Алматы облыстық Полиция департаментінің басшысы:
Құқық қорғау органдары белгіленген тіртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі. Сондай-ақ оларға жол бермеудің заңды шараларын қабылдайды.
Жамбыл облысында да терроризмнің «қызыл» деңгейі сақталады
Жамбыл облысында да төтенше жағдай режимі доғарылғанымен терроризмнің «қызыл» деңгейі сақталады.
Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті қатаң бақылайды. Сондай-ақ, шерулер мен митингілер өткізуге тыйым салынды. Терроризмге қарсы іс-шаралар бойынша күзет, іздестіру, анықтау шаралары және кіріс-шығыс қақпалардағы блокбекеттердің жұмысы жалғасады. Штаб мүшелері тұрғындарды құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарап, заң талаптарын сақтауға шақырды.
Қуаныш Қанатұлы