Қазақстанда коронавирус жұқтыру деңгейі 21 есе өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда коронавирус жұқтыру деңгейі 21 есе өсті

18.01.2022

Елде «омикрон» штамы күш алып келеді. Коронавирустың жаңа түрі бүкіл өңірге таралды. Сол себептен де тәуліктік көрсеткіш күрт өсіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Аурудың жаңа түрімен елде күрес қалай жүреді? Асима Нұрбайқызы тікелей байланысқа шықты. 

Асима Нұрбайқызы, тілші: 

«Омикрон» елдегі эпидахуалды ушықтырып жіберді. Соңғы айда коронавирус 20 есе өсіп, Түркістаннан басқа өңірлердің бәрі «қызыл» аймаққа өтті. Әсіресе, екі мегаполис - Нұр-Сұлтан мен Алматы және Қарағанды облысында сырқаттану деңгейі күрт өсті. Коронавирусқа шалдыққандардың 60 пайыздан астамы осы үш аймақта. Бірақ жаңа штамм көп жағдайда жеңіл және симптомсыз өтеді.

Ажар Ғиният, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрі:  

Қысқа 2 күндік жұғу кезеңімен сипатталады. Аурудың еселеп көбеюі де содан. Аурудың алғашқы белгілері – тұмау мен жедел респираторлық аурулардағы сияқты «суық тию» көрінісі, яғни қызу, әлсіздік, бас ауруы, жөтел. Бүгінгі жағдай бойынша аурулардың 80 пайызы, яғни 78 629 науқас амбулаториялық ем алуда. Соңғы аптада анықталған жағдайлардың ішінде ауруханаға жатқызылған адамдардың үлес салмағы – 19,5 пайыз.


Ауырғандардың дені, яғни 80 пайызы үйде емделіп жатыр. Ауру көрсеткіші көбейгенімен, өлім-жітім аз. 2,3 есе төмендеді. Ал науқастарды үйде емдегені үшін дәрігерлерге 3 жалақы көлемінде қосымша үстемақы төленеді. Бірақ дерт дендегенмен, елде ревакцинациялау баяу. Екпенің қосымша дозасымен халықты қамту 30 пайызға да жеткен жоқ. Премьер-министр бұған жұмысына салғырт қараған әкімдерді кінәлады.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:  

Біз мұндай жағдайдың боларын болжадық, ең бастысы, барлық өңірде эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстау қажет. Әсіресе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында тестілеу аз жасалады. Елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ревакциналау қарқыны жақсарған жоқ. Демек, бұл мәселеге әкімдер дұрыс қарамай отыр. Сондықтан аталған өңірлер бұл жұмысты тездету керек.

Ал дәрі-дәрмектер елде жеткілікті. Препараттардың 38 түрі бойынша 2 айлық қор бар. Ол 60 мың науқасқа жетеді. Жеке қорғаныш құралдарынан да тапшылық болмайды деп сендіріп отыр денсаулық сақтау министрі.  


Хабарламаларға жазылу