Алматыда төтенше жағдай кезінде залал келген нысандардың жалпы шығыны 112 млрд теңгеге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда төтенше жағдай кезінде залал келген нысандардың жалпы шығыны 112 млрд теңгеге жетті

17.01.2022

Алматыда төтенше жағдай кезінде залал келген нысандардың жалпы шығыны 112 млрд теңгеге жетті. Қазір оларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Президент резиденциясы, қала әкімдігі, Ұлттық арнаның филиалы, прокуратура, полиция департаменті секілді ірі нысандардың жөндеу жұмыстарына мемлекет бюджетінен қаржы бөлінеді. Ал жеңіл зардап шеккен 17 ғимарат бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қалпына келтірілмек. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.

Төтенше жағдай кезінде ең көп залал келген Алматының Алмалы ауданы. Бір ғана ауданда 7 азық-түлік дүкені, 35 ломбард, 2 қару-жарақ дүкені, 25 қаржы ұйымы, тағы басқа бизнес нысандары тоналған. Олардың жалпы шығыны 20 млрд теңгеден асып отыр. Ал мемлкеттік ірі нысандарға тоқталсақ,

Тәртіпсіздік салдарынан қираған қалалық әкімдік ғимаратының шығыны – 20 млрд теңге. Қалалық прокуратура 2 млрд теңге, полиция департаменті – 205 млн теңге, экопосттар – 163 млн, ал медициналық мекемелер– 2 млн теңгеге қайта жөнделуі тиіс.

Қанат Таймерденов, Алматы қаласының коменданты:
Ең көп залалдың алдын-ала қорытындысын шығарар болсақ, 5 полиция ғимараты жанып кетті, Алмалы полиция бөлімінің ғимараты зардап шекті, 43 модульдік полиция посты, экол-қ полиция бекеттері бойынша 15-нің 13-і жанып кетті, зақымданған көлік саны-165, 64-і қалпына келмейді.

Зардап шеккен нысандар бойынша деректер жинау жұмыстары әлі де жалғасуда. Залалды бағалау жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялар құрылды. Қалаға келтірілген 112 млрд теңге шығынның 67 млрд теңгесі бизнес субьектілеріне тиесілі.

Айтуар Қошмамбетов, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры:
Алматы қаласында 1856 нысанда орналасқан 1563 зардап шеккен кәсіпкерлік спектрі анықталып отыр. Ірі бизнестен 62 компания, орта бизнестен – 80 кәсіпорын, шағын бизнестен – 1455 кәсіп отыр. Келтірілген шығынның жалпы көлемі -93,4 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ тәртіп бұзушылар қаладағы қоғамдық көліктерді де қиратқан.

Ғани Мырзаханов, қалалық мобильділік басқармасының басшысы
 Жаппай тәртіпсіздік кезінде 28 бірлік автобус зақымдалған. Оның 16-сы толықтай жөнделді. Ал 12 автобус алдағы уақытта қалпына келтіріледі.

Ғимараттарды тазалау жұмыстарына 20 құрылыс компаниясынан 800-ге жуық адам, 40-тан астам техника тартылды. Осылайша шаһар күннен- күнге жанданып, бұрынғыдан да көркейе түседі деді құзырлы мекеме өкілдері.

Айнұр Мәулен


Хабарламаларға жазылу