Қарулы күштер үшін әскери шеру деген жеңіс пен операцияның сәтті аяқталуының белгісі. Бейсенбі күні Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы оқу орнында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше 6 елдің сарбаздары салтанатты саппен жүріп, Қазақстандағы миссияны тәмамдады.
Станислав Зась, ҰҚШҰ Бас хатшысы:
Әскерилер өз міндетін абыроймен атқарып шықты. Қазақстан үшін қиын сәтте қолдау жасай білді. Бәріміз үшін де бұл оқиғалар үлкен сабақ. Ұйымның қазіргі жүйесі іс жүзінде жұмыс істейтінін дәлелдеді деп ойлаймын. Қазір Алматыдағы жағдай толықтай биліктің бақылауында. Сондықтан бітімгерлердің жұмысы толық аяқталды.
Бір апта бұрын да әскери оқу орнында қарбалас еді. Ол кезде көңіл-күй басқаша. Осы жерде орналасқан ұйым штабының жұмысы тәулік бойы жүріп жатты. Жан-жақтан келген әскердің іс-қимылы, жұмысы бір орталықтан үйлестірілді. Қай жерге қай елдің сарбазын қою керек? Блокбекеттер мен қаланы күзету бойынша ауысымдар әзірлеу барысы. Осы мәселелерді әр жақтың командирлері бірлесіп шешіп отырды.
Қаныш Әбубәкіров, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары:
Түнге қарай коменданттық уақытты бұзатындар бар. Олардың барлығын біз ұстап, тексеріп, күдіктілерін құқық қорғау органдарына береміз. Күдікті еместеріне оларға заңды айтамыз. Үйде болу керек екенін. Құқықтарын айтып ары қарай үйлеріне жібереміз.
Иә, бітімгерлер тек стратегиялық нысандарды күзетумен және блокбекеттерде жергілікті күш құрылымдарына көмек берумен ғана айналысты. Мәселен, Беларусь сарбаздары Жетіген әскери аэродромын бақылауына алды. БТР бұтақтармен жасырылса, бітімгерлер окоп қазып, позиция алған. Айналаны винтовкамен, дүрбімен жіті бақылап отыр. Яғни аса қырағылық қажет. Өйткені бұл террористер шабуыл жасауы мүмкін нысандардың бірі еді. Себебі Алматыға қосымша күш осы айлақ арқылы келіп жатқан болатын.
Сергей Андреев, Белорусь бітімгершілік контингенті жетекшісінің орынбасары:
Қазақ тарапы кең құшақ жайып қарсы алды. Бұл блокбекетте қазір қазақ әскерлерімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі жұмысты жергілікті күш құрылымдары атқарады. Біз тек олардың артқы шебін қорғап тұрамыз.
Ал бұл Қырғызстанның десантшылары. Оларға Алматыдағы негізгі жылу электр станциясын күзету жүктелген. Бүлікшілер лаң салғанда, осы жаққа да кірмек болған. Өйткені жаппай тәртіпсіздік небары бір шақырым жерде болып жатты. Оның үстіне станция оңтүстік шаһардың 70 пайызын жылумен қамтып отыр. Содырлардың қолына өтсе, тұрғындар қыс ортасы жылусыз қалар еді.
Санжар Балғазин, Жылу электр стансасының қызметкері:
Жан-жағымызда атылып жатқан оқтардың бәрін естідік біз. Жанымыздағы Мөңке би көшесінде светофордың арғы жағында болды. Сондағы экологиялық постты түнгі екі жарымда жағып кетті.
Қалада бүлік шыққан түні содырлар әуежайды басып алған еді. Бірақ көп созбай қазақ сарбаздары, лаңшыларды жойып, нысанды қайтарып алды. Содан бері әуе қақпасы ресейлік десанттардың бақылауында болды. Сондай-ақ, олар лаңкестер жүруі мүмкін жерлерді анықтауға көмектесті. Яғни Ресей бітімгерлері төңіректі мынадай пилотсыз ұшатын ұшақпен сүзіп отырды. Күмән тудырған көліктер мен адамдар жайлы ақпарат дереу штабқа жіберіледі. Ондағылар картадан қауіпті аймақты белгілеп, мәліметті шұғыл күштік құрылымдарға берді.
Сондай-ақ, тәжік пен армян сарбаздары да қаладағы маңызды нысандарды қорғауына алып, күн-түн демей қызметтерін атқарды. Айналып келгенде, өзіміз мүше ҰҚШҰ-ы контингентінің көмегі тиді. Десе де алғашында шетел әскері елімізге кіреді дегенде көпшіліктің көңілі күпті еді. Бірі бұл Тәуелсіздігімізге нұқсан келтіреді десе, енді бірі өзгеден көмек сұрағанымызды ұят санаған.
Қалижан Әлжанов, ҚР Қарулы күштерінің ардагері:
Ең алғашқыда мен өзім айтқан едім өткенде. Жаныма батты. Басқа елдің азаматтары келіп түсіп жатқанына, бізге көмек көрсетіп жатқанына. Намысыма тиді шынын айтқанда. Ал енді қазіргі жағдайда осыны сараптап көрсем, уақытында дер кезінде қолданылған дер кезінде Президентіміз ҰҚШҰ-ға шығып, солар келіп көмек көрсеткеніне оларға тек қана рахмет!
Бейсенбі күні бітімгерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменіне сәйкес елдеріне қайта бастады. Алғашқы болып Ресейдің Кострома қаласындағы 331-парашютты-десантты полк ұшып кетті. Төтенше жағдай кезінде қазақ жеріне бірінші болып келген де солар еді. Одан кейін сол түні ресейлік ұшақтармен Беларусь, Армения және Тәжік елдерінің қарулы күштері толық құрамда өз елдеріне қайтты.
Ал бауырлас Қырғыз елінің әскерилері өз көліктерімен, автожол арқылы айтты. Себебі Алматы мен Бішкек арасы 200 шақырымнан сәл ғана асады.
Талантбек Калибов, Қырғыз бітімгершілік контингентінің жетекшісі:
Жергілікті тұрғындар бізді жылы қабылдады. Өте көп жақсы сөздер естідік. Бұл әрине бізді қуантады. Қырғыз контингенті де бауырлас елге барынша көмек көрсетуге тырысты. Жұмысымыз сәтті аяқталды деп ойлаймын. Қазақ еліне тек бейбітшілік пен өркендеу тілейміз.
Қазіргі таңда ресейлік бітімгерлер күн сайын бірнеше ұшақпен елдеріне оралып жатыр. Жалпы, сарбаздар мен әскери техникаларды тұрақты мекендеріне жеткізу үшін 100-ден аса әуе рейсі жасалады. Бітімгерлер 19-қаңтарға дейін Қазақстаннан толық шығарылады.
Шерхан Жамбылұлы