Ақмола облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны екі тәулікте 6 есеге көбейді. Өңірде 11 қаңтарда 48 науқас тіркелсе, кеше 290 адамның індетке шалдыққаны анықталды. Облыс «қызыл» аймақ қатарына қосылды. Сондықтан шектеу шаралары күшейтілмек.
Барлық мекемеде қызметкердің 70 пайызы қашықтан жұмыс істеуге ауысады Оқу басталған соң, балалар да қашықтан білім алмақ. Сондай-ақ, «ASHYQ» жүйесі жоқ қоғамдық тамақтану орындары сағат 20:00-ге дейін ғана жұмыс істей алады. Ал ірі сауда, ойын-сауық орталықтарына «ASHYQ» бағдарламасындағы «жасыл» санатты тұрғындар ғана кіргізіледі.
Серік Омарханов, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Науқастар саны күрт көбейіп жатыр. Біздің облыста «омикрон» штамы зертханалық түрде тіркелген жоқ. Алайда індеттің тез тарауын вирустың осы түрімен байланыстырамыз. Нұр-Сұлтан қаласымен қарым-қатынас көп. Коронавирустың жылдам таралуына осы жағдайда әсер етуде.
Павлодар облысы «қызыл» аймаққа кірді
Павлодар облысын да соңғы тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны екі есеге өсті. Індетке шалдыққандардың дені облыс орталығы мен моно қала тұрғындары. Өңір «қызыл» аймаққа кіргендіктен шектеу шаралары да күшейтіледі.
Ермек Елберген