Қазақстан мен АҚШ азаматтардың қаржы шоттары туралы ақпаратпен алмасады. Бүгін Мәжілісте осы бағыттағы келісім ратификацияланды. Депутаттар бұдан да бөлек өзекті тақырыптарды талқылады. Еліміздегі қазіргі жағдайды тұрақтандыру үшін Мәжілісте тиісті заңдар жедел түрде қаралады.
АҚШ-та қанша қазақстандықтың шоты бар екенін осыған дейін ешкім білмеді. Ал енді екі елдің Үкіметі осы бағыттағы барлық ақпаратты бір-біріне беріп отырады. Яғни, қаржы ұйымы, оның ішінде кредиттік, сақтандыру, брокерлік және басқа да осыған ұқсас компанияларда шоты бар адамдар жөнінде өзара мәлімет алмасады.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Келісімге қосылған қаржы институттары Қазақстанда шот ашқан барлық америкалық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты анықтауға әрі ашуға міндетті болады. Осыған ұқсас Қазақстанның Келісімге қосылуы АҚШ-та шот ашқан барлық қазақстандық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Берік Көшербай, тілші:
Келісімнің еліміз үшін бірнеше пайдасы бар. Біріншіден, қаржы жүйесін толық бақылауда ұстауға көмектеседі. Екіншіден, салық жинауға да септігін тигізеді, яғни қазынаға қосымша қаражат түседі. Қаржы институттарының әкімшілік шығындарын қысқартуға ықпал етеді.
Қазақстан мен АҚШ Үкіметі арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру келісімін ратификациялау туралы Заң жобасы Мәжіліске былтыр күзде түскен. Құжат 4 ай дегенде мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Бірақ енді елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жаңа заң жобалары Мәжілісте жедел қаралады.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларын жүзеге асыру үшін Парламентке, соның ішінде Мәжіліске үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан біздің депутаттық корпус барлық бастамаларды жедел, тиісті заңдармен қамтамасыз ету жұмысына кірісті. Бұл жолда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы, сонымен бірге еліміздің қауіпсіздігін қорғауға, кәсіпкерлікті қолдауға, әсіресе ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға, халықтың табысын арттыруға және білімді күшейтуге ерекше назар аударатын боламыз.
Парламенттің төменгі палатасы бірқатар заң бойынша жедел жұмысты бүгін бастап та кетті. Жеке қосалқы шаруашылық, тұрғын үй саясатын реформалау және басқа да бірқатар тақырыпты талқылады.