Түркістан облысында Алматыдағы қақтығысқа қатысқан қылмыстық топ ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында Алматыдағы қақтығысқа қатысқан қылмыстық топ ұсталды

11.01.2022

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан кезекті қылмыстық топ Түркістан облысында ұсталды. Күдіктілер мінген көліктен суық қарулар табылған.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Қазығұрт ауданының полицейлері Алматы-Термез-Ташкент тасжолындағы Ақтас блок бекетінде «Toyota» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Ондағы жолаушылардан қарулар табылып, тәркіленді. Көліктегілер Сарыағаш және Келес аудандарының 3 тұрғыны болып шықты. Ұсталғандар Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысып, ондағы жағдайды жеке ұялы телефондарына түсірген. Күдіктілердің барлығы қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Бүлікшілердің жолды жаппақ болғаны анықталды

Айнұр Ақбаева, тілші:

Бұл туралы өңірдің бас полицейі Қайрат Дәлбеков айтып өтті. Оның сөзінше, шеру кезіндегі жағдайды пайдаланған бұзақылар Жетісай, Арыс, Сарыағаш аудандарында, Кентау және Түркістан қалаларында бүлік шығаруға тырысқан. Мәселен, облыс орталығында 500-ден астам адам көшеге жиналып, жолдарды, сондай-ақ теміржолдарды жаппақ болған. Жеке құрам қызметкерлері шұғыл қимылдап, жаппай тәртіпсіздік пен заң бұзушылыққа мүлде жол бермеген. Жалпы, төтенше жағдай енгізілген уақыттан бері полиция бөлімдеріне түрлі құқық бұзушылықпен 900-ден астам адам жеткізілген. Оның ішінде 329 адам төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал қазіргі таңда облыс аумағындағы жағдай тұрақты.


Хабарламаларға жазылу