Мәжілістің Бюро отырысы Жалпыұлттық аза тұту күніне орай үнсіздікпен басталды. Спикер барлық депутаттың атынан қаза тапқандардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттарының бірінші күннен бастап Жаңаөзен мен Ақтауда басталған бейбіт шеруде оқиға орнына барып, Үкіметтік комиссиямен бірге жұмыс істегенін айтты. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары түрлі алаңдарда Мемлекет басшысының шешімдерін белсенді түрде қолдап, жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар жаңа заң жобалары бойынша жұмыс басталғанын мәлімдеді.
Нұрлан Нығматуллин, ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы:
Бүгін еліміз үшін, халқымыз үшін қиын сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы күндері қабылдаған әрбір шешімдері, әрбір қадамдары ел тағдырын қорғауға және сақтауға бағытталған. Сондықтан Парламент Мәжілісі бірінші күннен бастап Президенттің барлық бастамаларына жан-жақты қолдау көрсете отырып, заң деңгейінде нақты жұмыс жасауда.