Шымкентте тәртіпсіздіктер кезінде 45 тәртіп сақшысы жараланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте тәртіпсіздіктер кезінде 45 тәртіп сақшысы жараланған

10.01.2022

Исі қазаққа қашанда қайғы ортақ. Шымкент қаласының жұртшылығы жаппай тәртіпсіздік кезінде мерт болған сарбаздардың қазасына орай қаралы жиын өткізіп, аза тұтып жатыр. Жанды жаралаған қайғылы оқиғаға қатысы барлар жазасыз қалмауы тиіс. Көптің көкейіндегісі осы.

Елдің тыныштығын бұзғандарға қарсы тұрамын деп өрімдей ұлдар ажал құшты. Ауыр қаза бар қазақтың қабырғасын қайыстырды. Шаһар жұртшылығы боздақтарынан айырылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, еліміздің бейбіт өміріне қиянат жасағандардың тірлігін айыптауда. Шымкенттегі екі күнге созылған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 45 тәртіп сақшысы жараланған. Жансақтау бөлімінде жатқан екеуінің жағдайы ауыр. Жаралыларға көмектесу мақсатында бүгін жастар жұмыла барып, қан тапсырды. Оған екі жарым мыңнан астам студент келісім берген. Ауған соғысының ардагерлері де төтенше жағдай кезінде көпке көмек көрсетті.

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан Шымкентте 13 бизнес субъектісі зардап шеккен. Оларға шамамен 100 млн теңгедей шығын келген. Оның мөлшері мұнан да көп болуы мүмкін.

Шаһарда төрт күннен бері тыныштық орнаған. Тыныс-тіршілік бұрынғы арнасына қайта түсті. Дүкендерде 6 айға жететіндей азық түлік қоры бар. Сауда орталықтарында тауарларды жапа тармағай сатып алып жатқан дүрбелең байқалмайды. Сондай-ақ 300-ден астам жанар-жағар май құю бекеттері, банкоматтар мен өзге де қызмет көрсету нысандары тұрақты жұмыс істеуде.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу