Қарағандыда Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімінде қаралы митинг өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімінде қаралы митинг өтті

10.01.2022

Елдегі төтенше жағдай кезінде басбұзарлардың қолынан қаза тапқан қарағандылық қос сарбаз 3-ші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгін 5451 әскери бөлімінде қаралы митинг өтіп, бір минут үнсіздік жарияланды.

5451 әскери бөлімінің сарбаздары бүгін таңертеңгілік сап түзеп Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановты және жаппай тәртіпсіздік кезінде басбұзарлардың қолынан қаза тапқан тәртіп сақшылары мен әскерилерді еске алды. Шараға орталық өңірлік қолбасшылығының басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Қоғамық тыныштықты қадағалау барысында ұлттық ұлан сарбаздарының көбі зардап шегіп, әскери техникалар шығын болған.

Қанат Беляков, ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшысының орынбасары:

Өкінішке орай 400 астам әскери қызметшілеріміз Ұлттық ұланның әртүрлі жарақат алып емделуде. 90-нан астам арнайы және жауынгерлік техника істен шықты. Ұлттық ұлан қатарынан қаза болған Қайсаров Мадияр, Аманов Айбат мемлекеттік награда 3-ші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Қаралы митингке Қызылордадағы жаппай тәртіпсіздік кезінде басбұзарлардың қолынан қаза тапқан Мадияр Қайсаровтың әкесі де қатысты. Оған Орталық өңірлік қолбасшылығының атынан күрең жолақты жейді естелік тапсырылды.

Оразалы Қайсарұлы, Мадияр Қайсаровтың әкесі:

Барлық әскерилеріміз аман болсын. Ешқандай ата-ана жыламасын. Мына күрең жейдені қолыма табыстады. Бұл мен үшін өте ыстық дүние. Барлық жастар менің ұлымдай өз елінің патриоты болсын.

Жалпыхалықтық аза тұту күніне орай өңірдің бас Туы және барлық мекемелердегі Тулар түсірілген. Өңірде жағдай тұрақты. Қоғам тыныштығы күштік құрылымдардың жіті назарында.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу