Маңғыстау облысында жағдай тұрақталды. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында алаңға жиналғандар үйлеріне оралды. Жолдар ашылып, өңір тұрғындары қалыпты жағдайға көшті. Полиция департаментінің берген соңғы мәліметі бойынша, Ақтау қалалық полиция басқармасына 5 адам жеткізілген. Оларды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ақтау қаласындағы «Ынтымақ» алаңы, міне, тап осы жолмен 1 аптадан бері көлікпен жүру немесе қоғамдық көліктермен өту мүмкін болмады. Себебі наразы топ жиналып, жолды жабуға тура келді. Жиналғандар бүгін түске таман бір-ақ тарады. Жол бойына құрылған темір үйлер жиналып, алаң тазартылып жатыр.
Түстен бері орталық алаң тазартылды. Жолдар ашылып, қоғамдық көліктер емін-еркін жүріп жатыр. Жаңаөзен қаласында да жиналғандар тарады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев түсіністік танытып, қолдау көрсеткен тұрғындарға алғыс айтты.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
2-3 күннің ішінде мемлекеттің мүлкіне, әскерилердің мүлкіне қол сұғып, зақымдау фактілерінің орын алғанын біз жоққа шығара алмаймыз. Бірақ халықтың қолдауының арқасында, тұрғындардың түсіністік танытуының арқасында біз ешқандай оқыс оқиғаларға жол берген жоқпыз. Сондықтан, ардақты ағайын, қолдау көрсетіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», сабыр мен түсіністік танытқандарыңыз үшін өз атымнан алғыс айтамын. Әрі қарай да осы жағдайды тұрақтандыру мәселелерінде бірге болатынымызға сенімдімін.
Қазір облыста жағдай тұрақты. Автомобиль, теміржол және әуе қатынасы тегіс жанданды. Мемлекеттік органдар халыққа қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанаржағармай және басқа да тұтыну тауарларын уақытылы, тиісті мөлшерде жеткізіп беріп жатыр. Коммуналдық мекемелер мен барлық өндірістік орындар тұрақты жұмыс істеуде.