Бейжіңде Абай ескерткіші ашылды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейжіңде Абай ескерткіші ашылды (ВИДЕО)

20.03.2014
Бейжіңде Абай ескерткіші ашылды (ВИДЕО)

Қытай астанасында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл шара ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың көрші елге ресми сапарына орайластырылды.

 
Сонымен қатар, министр қытайлық әріптесі Ван И және Қытай компартиясы төрағасының орынбасары Ли Юаньчаомен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Жүздесу барысында мәдени қатынастар мен ұлтаралық достықты нығайту жөнінде де әңгіме өрбіді.
 
Министр бірқатар қытайлық саясаттанушы мамандардың алдында еліміздің сыртқы саясаты туралы әңгімелеп берді. Сарапшылармен пікір алмасып, олардың сауалдарына жауап қайтарды.
 
Одан кейін Бейжіңнің орталық саябағына барып, Абай ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Осында жиналғандар арасында ресми өкілдермен қатар, Қытайдағы отандастарымыз бен қандастарымыздың да қарасы қалың болды.
 
Қанатбек Жұмабай,  Қытай орталық радиосы қазақ бөлімінің меңгерушісі:
Бұл өте керемет бастама. Осыдан кейін қазақ халқы мен Қытай арасындағы достық нығая түседі. Қалың ел біздің Абай сияқты ғұламаларымызды танитын болады.
 
Абай ескерткішінің ашылу салтанатына орай ақынның өлеңдері қазақ және қытай тілдерінде оқылды. Ұлы тұлғаның бейнесін Қытай мүсіншісі Юань Сикун бір жылда жасап жығарған. Дарын иесі өзіне үлкен сенім артылғанына өте қуанышты екенін тебірене жеткізді.   
 
Юань Сикун, мүсінші:
Абайды тек Қазақ елі емес, бірқатар елдердің зиялы қауымы біледі. Ол әлемдік дәрежеде мойындалған данышпан. Бізден шыққан ең ұлы философ Конфуций болса, сіздерде Абай деп білемін.
 
Дәурен Бауыржанұлы, тілші:
Осылайша ұлы ғұламамыз Абай Құнанбайұлының мүсіні Қытай астанасының қақ ортасындағы Чаоян паркінің төрінен орын алды. Енді «қазақтың Конфуциі» туралы зерттеп білуге ниеттенген қытайлықтар алдымен осында келетін болады. 
 
Сапар барысында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов  қытайлық әріптесімен кездесіп, ынтымақтастық жөніндегі меморандаумға қол қойды. Сөйтіп көршілес екі ел арасындағы достық қарым-қатынас тағы да бір сатыға көтерілді.
 
 
Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу