2022 жылдан бастап не өзгереді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2022 жылдан бастап не өзгереді?

30.12.2021

Биыл пандемияға қарамастан ел экономикасы 3,8 процентке өсті. Көптеген салада алға жылжу бар. Әсіресе қызмет көрсету қалпына келген. Десе де инфляция жоғарылап кетті. Жалпы әлеуметтік-экономикалық саладағы көрсеткіш қандай? Жаңа жылдан бастап не өзгереді? Досжан Маратұлы ретімен айтсын.

Досжан Маратұлы, тілші:

Әлемді дүрліктерген коронавирус, экономиканы да аяған жоқ. Карантиндік шектеулер, шекарадағы бақылау мұның бәрі сауда айналымынан бастап, кез-келген кәсіпке кесірін тигізді.

Десе де дер кезінде қабылданған шаралар экономикалық өсімді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Әсіресе кәсіпкерлерді қолдауға баса мән берілді. Бизнесті дамытудың және Жұмыспен қамтудың жол картасы сәтті жүзеге асты. Арзан несие бизнесті жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жұрттың табысын арттыруға әсер етті. Тіпті экономиканың көптеген саласында өсім бар.

Мәселен жалпы ішкі өнім 3,8 процентке көтерілді. Ал өңдеу өнеркәсібі 5,2 пайызға өсіп отыр. Соның ішінде машина жасау 18,5; құрылыс материалдарын өндіру 9,2; фармацевтика 27,9 процентке артқан.

Әрі баспана бағасымен қоса биыл құрылыс саласы да 6 пайыз өсім көрсетті. 14 миллион шаршы метр үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Эпиджағдайдың жақсаруна байланысты қызмет көрсету де қалпына келді. Десе де инфляция бой берер емес. Жыл қорытындысы бойынша 8,7 пайызға дейін өсіп кеткен. Бұл теңгенің әлсіреп, түрлі тауар бағасының қымбаттауына түрткі болды. Бірақ жаңа жылда инфляция деңгейін 4-6 пайыздық дәлізге қайтару көзделген.

2022 жылдан бастап не өзгереді?

Сондай-ақ барыс жылы әлеуметтік-экономикалық салада біраз өзгерістер болады. Мәселен Айлық есептік көрсеткіш көлемі 5 пайызға, яғни 2917 теңгеден 3063 теңгеге өседі. Бұл жәрдемақы сияқты әлеуметтік төлемдер алып отырған 5 миллионнан астам адамның табысын арттырады. Әрі ең төменгі жалақы мөлшері 42500-ден 60 мың теңгеге көтеріледі. Мұрағатшы, кітапханашы, орманшылар мен мұражай қызметкерлерінің жалақысы өседі.

Досжан Маратұлы, тілші:

Келер жылы зейнетақы жинағының шекті мөлшері де өседі. Десе де президенттің тапсырмасына сай, сәуірге дейін ескі ереже бойынша қордағы қаржыны мақсатқа сай пайдалануға мүмкіндік берілді. Зейнетақы демекші ол да, жаңа жылда 7 пайызға көтеріледі.


Хабарламаларға жазылу