Қарағанды облысындағы шалғайдағы ауылдың мәселелері шешілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы шалғайдағы ауылдың мәселелері шешілмек

29.12.2021

Қарағанды облысының ең шалғай ауылдарының бірі Гүлшат кентінде байырғы полиметаллдар кеніші қайта жаңғыруы мүмкін. Бұған қоса шалғайдағы елді мекеннің мал шаруашылығына, бау-бақшаға қажетті техникалық су мәселесі шешіледі. Биылғы жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі ауыл әкімдерінің сайлауы болса, өңірдегі ең жас әкім Расул Қасенхан осы сынды бірқатар мәселелерді қолға алған. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы жігерлі жастың жоспарымен танысты.

Қала баласы Расул қазір ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Жас әкім әуелі ауыз су мәселесін шешпек, себебі жұрт тасып ішіп отыр. Ал мал ұстау, бау-бақша өсіру үшін қыруар су қажет.

Талғат Тезекбаев, Гүлшат ауылының тұрғыны:

Шамасы келіп, мал алып отырған жастар негізі. Қайтып келіп жатыр ғой енді ауылға. Сол мәселені ұстап қалу үшін су мәселесі керек, балалар келсе детсады бәрі болады ғой.

Тұрғындардың негізгі күнкөрісі- мал. Осыған байланысты іргедегі Балқаш көлінен шаруашылық үшін тартылған су құбырын іске қосу көзделген. Қазір жобаның техникалық-сметалық құжаты дайындалып, бюджетке өтінім берілген.

Расул Қасенхан, Гүлшат ауылының әкімі:

Мынау Балқаш көлінен Гүлшат ауылына дейін су құбыры орналастырылған. Жарты құбырды бюджеттік қаражатқа ауыстырып, қалған 3,5 шақырымы күн электр станциясының демеушілік есебінен ауыстырылған болатын. Енді келесі жылдан бастап күнара беретіндей қылып, тал суғаруға, малға беруге деп шешілетін болады.

Тұрғындардың, әсіресе жастардың ауылда тұрақтауы үшін кенттегі әлеуметтік жағдайды жақсарту қажет. Бірінші кезекте Гүлшат іргесіндегі байырғы мырыш пен қорғасынның, басқа да полиметаллдардың мол шоғыры бар кенішті жандандыру мақсатымыз,-дейді жас әкім.

Расул Қасенхан, Гүлшат ауылының әкімі:

Қазіргі таңда Гүлшат маңайында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зерттеу нәтижесінде жақсы болатын болса, осы жерде кеніш ашылады деген жоспар бар. Сол кеніш ашатын ұйым да ауылға әлеуметтік көмегін беретіні жөнінде ниетін білдіріп жатыр.

Гүлшат кентіне Балқаш көлі жағалауындағы демалыс орындары шоғырланған Шұбартүбек елді мекені қарайды. Мұнда туристер көп келетіндіктен ауыл қоқыс қалдықтардан көз ашпайды.

Лариса Ким, Шұбартүбек ауылының тұрғыны:

Ауыл боп істейміз, әкім қоқысқа дейн бірге тазалап қасымызда жүреді. Жастарымыз ұйымшыл. Ауылды гүлдендіру үшін тұрғындардың белсенді болғаны әркез жақсы ғой. Біз жастарға сенеміз.

Қос елді мекен Алматыға барар бағыттағы автобан бойында тұр. Сондықтан жол бойындағы қызметтерді, кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрғындардың тұрмысын тіктеу жоспарда.


Хабарламаларға жазылу