Францияда бір тәулікте ковид жұқтырудан антирекорд тіркелді. Соңғы 24 сағатта мұнда індет 180 мыңға жуық адамнан анықталған. Елдің денсаулық сақтау министрлігі қаңтардың басында ковидке шалдыққандардың саны тәулігіне 250 мыңға жетуі мүмкін екенін ескертіп отыр. «Омикронның» тарауына орай осы аптада Францияда жаңа шектеулер енгізілді. Оған сай қызметкерлердің көбі қашықтан жұмыс істеуге көшірілген. Коронавирус жұқтыру оқиғалары Еуропаның Италия, Грекия, Португалия мен Англия елдерінде де антирекорд көрсетті.
АҚШ-та әуежайлар бос тұр
«Омикронның» өршуіне орай АҚШ-та 700-дей ұшақ рейсі доғарылды. Сол себепті қазір терминалдарда жолаушылар жоқтың қасы. Ковид әсіресе Нью-Йорк, Нью-Джерси мен Вашингтон штаттарында жылдам тараған. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, пандемия басталғалы бері Құрама Штаттарда 51 млн 200 мың адам ковид жұқтырып, 810 мың адам індеттен жантәсілім етті.
Арай Төлегенқызы