Ақтөбеде электр бұйымдарын сататын ерекше дүкен бар. Түрлі ұлт өкілі еңбек ететін сауда ұжымының ерекшелігі тауарда емес, ұлттық құндылықты ұлықтауда, ауыз бірліктерінің мықтылығында. Басшысы -украин, орысқа күйеу әрі жиен. Бірақ, жан дүниесі қазақ.
Сондықтан ұжым қазақылықтың қаймағын бұзбай, сақтап келеді. Әр жұмада иіс шығарып, нан пісіреді. Қыз-келіншектер орамалсыз жүрмейді. Бара қалсаңыз, кимешекті әжелер қарсы алып, дастарқан жаяды.
Әлия Таласова, тілші:
Әр жұмыс күні Әнұранмен басталады. 20 этнос өкілі тік тұрып шырқайды. Асқақтаған Әнұран әуенінен жұмысшылар жаңа күш, рух алады. Бұл шағын ұжымда бірнеше жыл бойы қалыптасқан дәстүр.
Бұл ұжымға қала халқы қызыға қарайды. Салт-дәстүрге берік. Бірлігі бекем. Тұтынушыларға құрмет көрсету басты талап. Ол үшін әр сатып алушының ана тілінде сөйлеу қажет.
Аида Жұмағалиева, сатушы:
Тіл білуді біз үйренуге тырысамыз. Бізде қазақша курс өтті. Көп қыздар сертификат алды. Қазақша кім көп біледі солар сыйлықтар алады.
Тұтынушылар София әженің қызыл күрең шәйін ішпей кетпейді. Жұма сайын иіс шығарып, қонақ күтеді. Қария күніне орташа есеппен 2 мыңға жуық кесеге шәй құйып, ақысыз тегін таратады.
София Ережепова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Маған қиын емес халықтың келгенін көңілді болып кеткенін жақсы көремін. Рахметтерін айтып кетеді бәрі де.
Ұжымда бірнеше ұлт пен ұлыс өкілі бар. Әрқайсысы қазақы салт-дәстүрді жақсы біледі. Сондай-ақ, оны дәріптеуге, насихаттауға үлес қосып жүр. Бұл - басшы талабы мен қызметкерлердің ынта-ықыласы.
Сергей Вишняк, кәсіпорын басшысы:
Ұлттық қазақы нақышқа ден қойып отырмыз. Өйткені біз барлығымыз қазақстандықпыз. Оның салт-дәстүрін насихаттау, шетелдіктерге таныту - біздің парызымыз.
Қазақылықтың қаймағын бұзбай жүрген ұжым Наурыз мерекесіне дайындық үстінде. Жуырда алып Бәйтеректің баламасын орнатты. Тайқазанға тапсырыс беріп, алтыбақан құрмақшы. Сөйтіп, Ұлыстың ұлы күні дүкен ұжымы қала тұрғындарына қазақтың барлық салт-дәстүрін көрсетпекші.
Әлия ТАЛАСОВА