Ауыз судан тарыққан Ынтымақ ауылында су жүйесінің құрылысы басталды. Түркістан облысына қарасты елді мекеннің халқы әлі күнге дейін апта сайын келетін автокөліктен таласып-тармасып жүріп өлшеммен су алады, оған қолы жетпегені амалсыз іргедегі арық суымен өзегін жалғап отыр. Мәселе Ұлттық арна жаңалықтарынан көтерілген соң, қазынадан қаржы бөлініп, ауылға таза су жеткізілетін болды.
Су таситын автокөлік Ынтымақ ауылына аптасына бір рет келеді. Аңқасы кеппкен жұрт онда да суды мөлшермен ғана алады. Әр отбасына 80 литр. Баласы көп үйлерде ол 2-3 күнде-ақ таусылып қалады. Сусаған жұрт онан соң амалсыз ауыл жетіндегі арықты жағалайды.
Енді бұл азапты күндер ұмыт болғалы тұр. Ауылға таза су жеткізу үшін қазір ұңғыма қазылып, көшелерді бойлай су желілері тартыла бастады. Бұл жұмыстарға қазынадан 900 миллион теңге қаржы бөлінді.
Бегалы бекмағанбетов, ауыл тұрғыны:
Өзі неше жыл болды қолымыздың суға жетпей отырғанына. Су келіп, берекеміз кіріп қалайын деп тұр.
«Ынтымақта» 400-ге тарта отбасы бар. Үш мыңдай адам тіршілік етеді. Өзбекстанға иық тірестіре қоныстанған ауылда биыл жанды жадыратар жаңалықтар көп болды. Көшелерге асфальт төселді. Бес жыл бойы құрылысы тоқтап қалған мектептің құрылысы қайта басталды.
Тәттібай Еділов, ауыл тұрғыны:
Еліміз көгеріп, газымыз бар, суымыз бар, жолымыз төселді. Мектебеміз мемлекеттік стандартқа сай жаңадан салынып жатыр. Елге ел қосылып, көркейіп жатқан жайы бар.
Биыл аудандағы 12 елді мекенде ауыз су құрылысы жүруде. Жуырда екі ауылда жұмыс аяқталып, жұрттың ауызы таза суға тиді. Бүгінгі таңда аудан халқының 69 пайызы ауыз суды тұтынып отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы 12 пайызға артады.
Бақытжан Шырынбеков, Келес ауданы тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Келесі жылы 13 елді мекеннің жер асты су деңгейін зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Су көзі анықталған соң судың дебеті жеткілікті болған соң жобалаушы мекемеге тапсырыс беріледі.
Ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы жылдары да жалағсын табады. 2025 жылы Келес ауданындағы 83 елді мекен толықтай ауыз сумен қамтылады.