Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында тұратын 85 жастағы Күлмара Рахымбекқызы 100-ден астам күйді шебер орындайды. Кейуана көз жанарынан айрылғанмен көкірегі ояу, санасы сергек. Білген-түйгенін немере-шөберелеріне үйретіп жүр.
Әжейдің жасы 85-ке келсе де жан серігі - домбырасын жанынан тастаған емес. Күніне бір мезгіл күй шертеді. Осыдан 4 жыл бұрын көз жанарынан айырылған, бірақ санасында бәрі сайрап тұр.
Күлмара әжейге күйшілік өнер әкесінен дарыған. Қазақтың қара домбырасын алғаш рет 7 жасында қолына алып, өнер өлкесіне қанат қағады. Сөйтіп небәрі 13 жасында өзі оқитын мектепте оқушылар ансамблін құрған. Арқадағы атақты Аққыз күйшінің төл шәкірті.
Күлмара Рахымбекқызы, күйші:
Қасында жүрдім шәлісін байлап, домбырасын көтеріп. Содан мені тастаған жоқ қасынан көп жыл бойы. Осы Ақтоғайға келсе де мені алдырады. Күйінің бәрін үйреніп алдым. Батасын берді. Айналайын, қиындықты менен артық көрсең де, күйді тастаушы болма деп.
Ақтоғайдағы музыка мектебінде 35 жыл дәріс берген өнер иесі Мәскеу, Түркия, Үндістанға дейін гастрольдік сапармен барып, қазақтың өнерін паш еткен. Бертінге дейін облыстық, республикалық күйшілер жарысына қатысты. 100 ге жуық күйді біледі. Әуелетіп ән де салады.
Нәзигүл Түсенова, К. Рахымбекқызының келіні:
Домбырасын тастамайды, домбырасы қасында. Күніне бір тартып, шертіп отырады. Домбырасы өзінің жан серігі ғой енді. Балаларының барлығы да қара жаяу емес. Түгел өнерге бейім. Гитарада да, баянда да, домбырада да ойнайды.
Шертпе күй шеберінің авторлық шығармалары да бар. Өзінің жолын қуған, өмірден өткен ұлы Ерлан Жандығұловқа арнап «Ана сағынышы» деп аталатын күй жазған. Қазір әжейдің 6 баласынан тараған 36 немересі, 27 шөбересі бар. Енді білген-түйгенін соларға үйретіп жүр.