Украина прокуратурасы экс-президент Петр Порошенкоға қатысты қылмыстық іс қозғады. Себебі, Порошенко мемлекетке сатқындық жасады деген күдік бар. Дәлірек айтсақ, ол 2014-2015 жылдары Ресейдің мүддесіне қызмет етіп, Мәскеуге арқа сүйеген сепаратистер бақылауындағы Донбасстан көмірді заңсыз шығарып, саудалаған. Осы әрекеті үшін Порошенко "Донецк халық республикасы" және "Луганкс халық республикасы" атты террористік ұйымдарды қаржыландырды деп айыпталып отыр.
Алайда, ол басқаратын «Еуропалық ынтымақтастық» партиясы Порошенконың оккупацияланған территориядан көмір сатқанын жоққа шығармаса да, бұл шаруаны сатқындық деп есептемейді. Сонымен қатар, партияластары Порошенконың Түркия мен Польшаға сапарлап кеткенін айтып, оның елден қашпағанын хабарлады.
Бұған дейін де Украинаның бесінші президентіне ондаған кінә тағылған. Порошенко жақтастарының сөзінше, осы жолғы істе саяси астары болғандықтан, солар тәрізді нәтижесіз аяқталады.
Арыстан Рысбек