Ең мейірімді ауыл қай өңірде екенін білесіз бе? «Қайырымды істер марафоны» ұлттық жобасында Батыс Қазақстан облысындағы Жалпақтал ауылы «Ең мейірімді ауыл» аталымын жеңіп алды. Осы ауылдың түлегі Шыңғырлау ауданында медициналық пункт салып берді. Ал республикалық байқауда "Жомарт жүрек" сыйлығына ие болған кәсіпкер ауылда "Алаш" музейін ашты.
Елдегі «Ең мейірімді ауыл» атанған - Жалпақтал елдімекенінде игі істер осыдан 15 жыл бұрын бастау алды. Мектеп түлектері ауылға шағын арбат салып, кейін саябақ, спорт алаңы, атау белгі орнатып, жарық шамдарын қойды. Бертін келе балабақша, бастауыш мектеп, фельдшерлік пункт ашылды.
Жалпақталдың тумасы, кәсіпкер Мақсот Уайсов Шыңғырлау ауданы Ардақ ауылына медициналық пункт салып берді. Бұрынғы ғимараттың қабырғасы жарылып, құлағалы тұр еді. Ауыл әкімі ұсыныс айтқанда, инвестор бас тартпапты.
Мақсот Уайсов, кәсіпкер:
Осы жерде жұмыс жасап жатқасын, осы жерді пайдаланып жатқасын, осы ауылға бір көмегімізді тигізейік деп салдық. 12 млн теңгедей қаржы жұмсалды. Енді сол су мен газына тағы қосымша қаржы қосамыз.
Республикалық байқауда қаратөбелік кәсіпкер «Туған жер» аталымында «Жомарт жүрек» сыйлығының жеңімпазы атанды. Ол былтыр інісі Нұржанмен бірге ауылда «Алаш және Қайыржан Хасановтың музей кешенін» ашты.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Ресейдегі Уақытша үкімет Күнбатыс Алашордаға осындай екі «Мерседес» көлігін берген. Оның біріне Батыс Алашорданың құжаттары тиеліп, киізге оралып көмілген деген аңыз бар. Ал екіншісі іздестіріліп жатыр. Ал мына үйдің ғимаратында 1918 жылы Алашорда сиезі өткен. Ол құрылтай қалай өтті, не айтылды, мына 3Д көзілдірігі арқылы көруге болады.
Музейде Алаш арыстарының қуғын-сүргінге ұшырағаны емес, Алаш идеясы, ұрпақтар сабақтастығы дәріптелген. Өңір мұражайларында жоқ инновациялық қондырғылар, галограмма, этно-заманауи стиль келушілерді таңғалдырмай қоймайды.
Ержан Хасанов, «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері:
Әр түрлі ұсыныстар болды – музей емес, мектеп салса бола ма, музей емес, балабақша салса, бола ма дегендей. Бірақ әкеміз өлкетанушылықпен шұғылданғасын да, өзімізге музей жақын болды, ол бір. Екіншіден, бұл музей бізге керек, келешек ұрпаққа керек. Олар мына Алаштың идеясын көріп, өсуі керек.
Тәуелсіздікті тұмар еткен «Алаш» музейі болашақта ірі мәдени-рухани кешенге айналмақ. Жалпы өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 5 млрд теңгеге 6 мыңға жуық жоба жүзеге асқан.
Ардақ Мұратқызы