500-ден астам отандық жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Атырау қаласындағы құрылыс нысандарында 170-ке жуық шетелдік анықталды. Олар рұқсатсыз еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған.
Осындай құқық бұзушылықтар Алматы қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында анықталды. Полицияға шетелдік азамат туралы уақтылы хабарламағаны үшін 5 мыңдай жеке және заңды тұлға, қайыр сұрағаны үшін 42 шетелдік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында пәтерде Қазақстанда болу мерзімі бұзылған және көрші елге заңсыз кетуге ниеттенген Шри-Ланканың 12 азаматын анықтады. Көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бойынша жұмыс жалғасуда.