Алматыда джиу-джитсудан халықаралық «Аlmaty jiu-jitsu kids cup» турнирі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда джиу-джитсудан халықаралық «Аlmaty jiu-jitsu kids cup» турнирі өтті

10.12.2021

Бүгін Алматыда балалар мен жасөспірімдер арасында джиу-джитсудан халықаралық турнир өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен және көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан 400-ге тарта спортшы қатысты. Сайыс қала әкімдігінің қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Жарысқа қатысушылар арасында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан және балалар үйінің спортшыларына басымдық берілді. Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Алматыда бұқаралық спорттық қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, енді өсіп келе жатқан жасөспірімдер үшін мұндай сайыс үлкен тәжірибе болмақ.

Нұрсұлтан Орынбасаров, жарысты ұйымдастырушы:

Бұл шараның мақсаты – балалар спортын дамыту. «Бақытты болашақ» қоры бар. Сол қормен бірге Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Сағадат батыр» спорт клубында «Жанұя» балалар тегін жаттығады. 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген шараны Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Сағадат батыр» спорт клубы ұйымдастырды. Шаһарда әрдайым бұқаралық спортқа көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде жақында ғана Абу-Даби қаласында өткен әлем біріншілігінде алматылық Алан Хан чемпион атанып келді. Болашағынан үлкен үміт күттірген спортшы бүгінгі жарыста да бағын сынады.

Алан Хан, жарысқа қатысушы, джиу-джитсудан Әлем чемпионы:

Жарыс жақсы өтіп жатыр, мен достарыммен бүгін ойнаймын, күресемін. Тағы да бүгін мен семинарға қатысамын, ол семинарда мен  белбеу аламын.

Турнир барлық санитарлық талапты сақтай отырып өткізілді. Жарыс жеңімпазы атанғандарға медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Оған қоса, қатысушылар білікті жаттықтырушылардың семинарына қатысып, джиу-джитсудың қыр-сырын меңгерді

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу