1991 жыл 10 желтоқсан. Қазақ елі тәуелсіздігін жария етуге 6 күн қалған болатын. Осы күні елімізде екі тарихи оқиға болды. Алғашқысы - Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауы тарих қойнауына кетті. Оның орнына егемендікке ұмтылған жас мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Екіншісі - қазақ тарихында тұңғыш рет Президентті ұлықтау шарасы өтті.
Алматы. Республика сарайы. Азаттық жолына аяқ басқан қазақ елі үшін ақ тұма күн. Қос тарихи оқиға алтын әріппен жазылды. Елдің еңсесін тіктеді, халықты марқайтты. Нұрсұлтан Назарбаев халық сайлаған Президент ретінде елі мен халқы алдында қалтқысыз қызмет етуге ант берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті /1991 ж./:
Өзіме жүктелген Қазақ Республикасы Президентінің мәртебелі міндеттерін адал орындауға салтанатты түрде ант етемін!.
Ұлықтау шарасында ел ақсақалдары Президенттің иығына шапан жапты. Ауызы дуалы халық ақыны, абыз Шәкір Әбенов ақ батасын берді. Айта кетерлігі, бұдан кейінгі Мемлекет басшысын ұлықтауларда бата беру болған жоқ.
«Халқымыздың береке-бірлігін нығайтып, халық сайлаған Нұрсұлтанның абырой, атақ-даңқы өсіп, әлемге әйгілі болып, тарихтың дәптеріне тіркелсін!».
Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері, 1991-1993 жж. ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Жарықтықтың батасы қабыл болды. Айтқаны дәл келді. Назарбаев осындай даңқты Президентке айналды. Мен қайдан, сәуегей емеспін. Бірақ Назарбаевтай адамды тарихта көп күту керек қазаққа.
Алғашқы ұлықтау шарасы өтпелі кезеңге тұспа-тұс келсе де, халық санасындағы тарихи танымға деген құрмет күшті еді. Қазақтың ата-бабаларынан мирас болып келе жатқан көне дәстүрлерінің бірі де осы ұлықтау.
Әбіш Кекілбаев, 1991 ж. ҚР Жоғарғы кеңесінің комитет төрағасы, халық жазушысы:
Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегi келдi. Төрелескенде де ренжитiн ретiмiз жоқ. Тек ұзағынан сүйiндiргей. Бағзыдағыларымыздың аруағы жебегесiн, бүгiнгiлерiмiздiң тiлегi демегесiн, жетiп отырмыз бұл күнге.
Тұңғыш Президент ел тізгінін ұстап, іске кірісті. Тәуелсіздіктің екі тұтқасы – саяси дербестік те, экономикалық дербестік те еншімізге өтті.
Қуаныш Сұлтанов, мемлекет және қоғам қайраткері:
Өзіміздің тарихымызды құрметтеу мақсатында ұлықтау рәсімінде трибунаның астына ақ кигіз әкеліп төселінді. Бұрынғы хандарымызды ақ кигізге көтеріп, батырлар көтерген ғой. Соның символы ретінде.
«Көшбасы - біреу, басқамыз - тіреу» деген халықтың Президентке артқан сенімі осы күні еселене түсті. Қазақтың дегені болды, көсегесі көгерді. Заманның жаңа тынысына бейімделіп, уақытпен бірге алға қадам басып келеді.
Дарын Сағитов