Президентті ұлықтау рәсімі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президентті ұлықтау рәсімі өтті

03.05.2015
Президентті ұлықтау рәсімі өтті

Халыққа адал қызмет етуге, Конституция мен заңдарды қатаң сақтауға және сіз бен біздің құқықтарымыз бен бостандығымызға кепіл болуға ант берді, Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы аптаның сүбелі оқиғасы – Ұлықтау рәсімі. Сән-салтанаты келіскен, мән-маңызы терең рәсім бостан елдің барлық азаматын бей-жай қалдырмағаны анық.

«Қазақстандықтар, маған ұлы сенім көрсетіп, Отанға тағы қызмет етуге шақырды. Біз күрделі жолды бірге жүріп өттік: өзімізге сеніп, Тәуелсіздігімізді алдық, мемлекет құрып, әлемге жаңа Қазақстанның есігін аштық, өзімізді біртұтас ұлы ұлт ретінде таныттық. Сіздердің сенімдеріңіз мені әрдайым шабыттандырды, сенімділік пен күш-қуат берді»,-деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Рәсімге барлығы 3 мыңға жуық адам қатысты, тұтас Қазақстан халқы телеарналар арқылы тікелей тамашалады. Орталық Сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 95,21 пайызы қатысқан.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 8 миллион 833 мың 250 дауысына ие болды, яғни сайлаушылардың  97,75 пайызы қолдаған.

Президент  мінген көлік  Ақордадан  Тәуелсіздік сарайына бет алды. Бас шаһардың көрікті көшелерімен жүріп  өткен  кортежді мемлекеттік  күзет қызметінің жеке құрамы күтіп алды.  Жеңімпаз көшбасшының құрметіне зеңбіріктен оқ атылды. Барша    ел  қайта сайланған Президентін  ұлықтап жатыр.

Ұлт үшін ұлық ұғым – Тәуелсіздік. Ал, Тәуелсіз елдің тұғыры – Ата Заң.    Сондықтан,  ұлықтау рәсімі өтетін  залға – Конституция,  Көк байрақ, штандарт әкелінді. Ел  алдында  Нұрсұлтан Назарбаев – Ата Заңға  қолын қойып  тұрып, адал болуға Ант берді.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде Ант етемiн.

Сосын  көгілдір Көк байрақты сүйді. Әнұран орындалды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы   Елбасына Президент  кәулігін  тапсырды.  Дәл осы сәттен бастап, Мемлекет басшысы ресми түрде қызметіне кірісті.  Кідірткен жоқ. Бірден жаңа жоспары туралы баяндады. Қазақстанның алдында тұрған 5 ауқымды ішкі міндетті атады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біріншіден, еліміздің тұрақтылығының тірегі ретінде орта санаттағылардың үлесін арттыру керек. Осы орайда бизнесті дамытып, оны сақтау қажет. Екіншіден, біз үлкен елміз. Сондықтан да бізге бірыңғай ішкі нарықты дамыту керек.

Барлық өңірлердің теңдестірілген дамуы болуы тиіс. Үшінші мақсат – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Төртіншісі, жаңа жұмыс орындарын құруға байланысты. Ол үшін индустриалдық бағдарлама жүзеге асырылуда, сондай-ақ, бизнес дамуда. Бесіншісі, тарихтың жаңа сабағында ұлттық бірлігін нығайту.

Мемлекет басшысы Модернизация жөніндегі ұлттық комиссия құрылатынын  мәлімдеді.  Оның миссиясы - бес институционалдық реформаны жүзеге асыруды басқару. Және  мемлекеттік органдардың, бизнес-сектордың, азаматтық қоғамның іс-қимылын үйлестіру.   Ұлттық комиссия жанында  консультативтік кеңес   те болады. Онда  шетелдік және отандық  сарапшылар  топтасады.   Елбасы Ұлт жоспарын ұсынып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Комиссияның бірінші отырысында  мен Ұлт жоспарын ұсынамын. Бұл - бұдан ары қарайғы мемлекеттік  құрылыстың 100 нақты қадамы. Бұл тұрғыда бес институционалдық реформалар бойынша атқаратын жұмыстарымыз түсіндіріледі.   Реформаларды жүзеге асыру алдағы 10 немесе 15 жылға негізделген жалпыұлттық бірінші мақсат-міндет болмақ.

Мемлекет басшысы айтып отырған жаңа реформалардың түбірі тереңге тартады. Елбасы бұл жаңғыртуды Ұлы реформа деп атады.  Өйткені, ұрпақтың қамы үшін, елдің ертеңі үшін билікке біраз тәуекелге баруға тура келеді.

Елдегі жемқорлыққа белшесінен батқан біраз саланың жұмыс жүйесі өзгереді. Парақорлыққа  қарсы жойқын күрес басталады. Шенеуніктердің саны қысқарады. Мемлекеттік аппарат ықшамдалады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет аппараты шағын болуы тиіс, едәуір құзырет мемлекеттік емес секторға және жергілікті жерлерге өтуі тиіс. Мен ұлтыма беріп отырған реформалар жоспары тыныштығы бұзылған әлемде азаматтарға қауіпсіздік, инклюзивті жаңғыртуды қамтамасыз етеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз замана ағымына сай мемлекетті құруға күш салдық. Бұл – біздің мемлекеттілік құру жолындағы алғашқы қадамымыз болды. Содан кейін, аяққа тұрысымен қалыптасқан мемлекеттің жолын салдық.

Бұл – екінші кезең болды. Қазір елде Ұлы  реформалар басталуда. Біз «Мәңгілік елге» жол салып жатырмыз. Бұл біздің мемлекеттілік құрудағы үшінші кезеңіміз болады.

Президент менің  парызым кейінге ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау,-дейді.   Ұланғайыр жері бар, ұлы мұраты бар, бабалары жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар халық  Еріне сенім артты. Алайда,  тек әділдік принциптерін негіз еткен реформаны ілгерілету  жалқыға да, жалпыға да оңайға соқпасы  хақ. Бірақ, Елбасы тәуекелге дайын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ.  Сол себепті, Қазақстанның жарқын болашағы  жолында  қандай тәуекелге де дайынмын.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу