Үш күнде зейнетақы жинағын алуға 46 мың өтініш келіп түскен. Тіпті кей өңірлерде «Отбасы банк» бөлімшелерінде ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Бұл шекті қаражаттың екі есе өсумен байланысты деп отыр қор мамандары. Осылайша қордағы қаражаттың көбеюін күткен халық керісінше аяқ асты әуре-сарсаңға түсіп әлек. Сондықтан экономистер бұл мәселені қайта қарау керек деп есептейді.
Алматыдағы «Отбасы банк» бөлімшелерінде ұзын-сонар кезек. Банк қызметкерлері мұны зейнетақы қорындағы шекті сомадан артылған қаржысын алуға келгендердің көбейгенімен түсіндіреді. Келушілердің сөзінше, кезекке талон беретін автоматтың алдынан бастап адам көп. Кейбіреуі менеджерге жолығу үшін 2-3 сағат күткен.
Мақсат Халық, экономист:
Бір күнде 16 мың өтініш келіп түскен. Бұл онсыз да бәсеңдеп келе жатқан үйдің бағасын, тағы да аспандатып жіберетін түрі бар.
Ал қаржы саласының кей мамандары бұл тұрғын үй нарығына қатты әсер ете қоймайды дейді. Өйткені басым бөлігі осы уақытқа дейін үй алып үлгерген.
Сабит Рысбаев, қаржыгер:
Алдағы уақытта шешетін ақшаның көбісі шешілді. Шамамен 80-90 пайыз халық алатынын алды. Бұдан кейін пәтердің құнына қатты әсер ете қояды деп ойламаймын.
Зейнетақы қорының мамандары мұны ең төменгі жалақының өсуімен байланыстырған болатын. Алайда экономистер мәселе қайта қаралғаны жөн деген ұсыныстарын білдірді.
Мақсат Халық, экономист:
Осы шек өзгеріссіз тұрса, ақша жинап үлгеруі үшін де уақыт керек. Бұл тәуелсіз сарапшылардың, депутаттардың қатысуымен қайта қаралу керек. Халық игілігі үшін десе, әділеттілік принципі бойынша жүзеге асу керек.
Экономистің бұл ұсынысы қабылданбайтын сыңайлы. Өйткені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов енді бұл мәселе қайта қаралмайды деп қысқа қайырды.
Ержан Біржанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
Сарапшылар мен халықтың наразылығына қарамастан, 2022 жылға арналған зейнетақы жинағының жеткілікті шегі өзгермейді. Ол жалақының өсуімен, болып жатқан өзгерістермен және сыртқы факторлармен байланыстырылуы тиіс. Келер жылы 180 мың адам жинаған ақшаларының бір бөлігін тұрғын үйге немесе емделуге жұмсай алады.
Ведомство өкілі баспанаға аса зәру азаматтар мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып үлгерді деп отыр. Бүгінгі таңда 400 мыңнан астам адам жинақтарын баспана алуға жұмсаған.
Раушан Сайлауқызы