Университет басшылары студенттерге қаржыға кенелу көзі деп қарайды. Себебі, көптеген жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмыстары ресми сипатта ғана жүргізіледі. Сенатор мұның арты неге әкеп соғып жатқанын айтты. Бас прокуратураның мәліметінше жыл сайын колледждер мен университеттердің шамамен 1 жарым мың студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Былтыр 18-30 жас аралығындағы 4 мың 200 ден аса жас есірткі заттарын қолданғаны үшін есепке алынған. Бұл проблемалар психолог пен теологтардың тапшылығынан, спорт базаларының аздығынан және адамгершілік-патриоттық тәрбиенің әлсіздігінен болып отыр.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:Қазір университет басшылары студенттерге «тәрбиеленуші тұлға» ретінде емес, университетке «қаржы түсірудің көзі» деп тым жайдақ қарайды. Анығын айтсақ, көптеген жоғары оқу орындарында кадрларды дайындау қарапайым бизнеске айналып кетті. Тіпті, университеттерді аккредиттеу жүйесінде студенттердің тәрбие жұмысы қарастырылмаған. Жалпы, біздің тәрбие жүйеміз ұлттық құндылықтарымызға негізделуі керек. Өкінішке орай, соңғы кезде әсіресе халықаралық деңгейдегі университеттерде батыстық ұстанымдарға еліктеу орын алуда.
Нысаналы Ығыл