Президент Женевада бірқатар кездесулер өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Женевада бірқатар кездесулер өткізді

30.11.2021

Президент БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен кездесу барысында пандемиямен күрес жайын талқылады. Қазақстанның ядролық қарусыздануға және жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайтуға үлес қосатынын, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді. Кездесуде Орталық Азиядағы ахуал, Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясын Алматыда орналастыру мәселесі сөз болды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен кездесті. Қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарға психологиялық көмек көрсету бойынша өзара ықпалдастық жайын талқылады. Мемлекет басшысы қазақстандық әскерилердің БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысу географиясын кеңейту жоспары туралы айтты. Петер Маурер еліміздің ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.

Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесуде Президент халықаралық сауданы дамытудың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты министрлер конференциясы кейінге шегерілген болатын. Тараптар іс-шараны өткізудің жаңа мерзімін талқылады.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу