Елордада Әбу Насыр әл-Фарабидің еңселі ескерткіші ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Әбу Насыр әл-Фарабидің еңселі ескерткіші ашылды

30.11.2021

Елордада шығыстың Аристотелі атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің еңселі ескерткіші ашылды. Салтанатты рәсімге Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты. Ол мүсін авторларына және рухани шараға ұйытқы болған азаматтарға алғыс айтты. Ғұламаның еңбегін зерттеуде әлемнің мұрағаттарын ақтарып, құнды деректер тапқан ғалым Ақжан Әл Машанидің үлесі шексіз екенін еске салды. Машани 1971 жылы Мәскеуде өткен ЮНЕСКО конгресінде әл-Фарабидің қазақ топырағында туғанын дәлелдеп берген. Философия, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, математика, медицина, музыка және психология сынды ғылымдарды меңгерген әл-Фараби бабамыздың монументі оқушылар сарайының алдында тұр. Қоладан құйылған ескерткіштің жалпы биіктігі 9,5 метр.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Қазір біз жаңа ғасыр басында жаңа шақырулар алдында тұрмыз. Тәуелсіз Қазақстанның жастары жаңаша көзқарастағы ойы озық, санасы сергек, азат рухты болуы керек. Қадірменді қауым, бүгінгі Тәуелсіздіктің арқасында баба мұрасын жаңғыртып, есімін ұрпақ санасына мәңгі қалдыруда біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Ұлы философ атындағы ұлттық университет, оқу орындары, ескерткіштер мен көшелер бар. Ғылыми техника саласындағы ең жоғары марапат әл-Фараби атындағы мемлекет сыйлығы тағайындалды.


Хабарламаларға жазылу