ШҚО-да Әубәкіровтар шаруашылығы екі жылда егіс алқабын бес есе ұлғайтқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да Әубәкіровтар шаруашылығы екі жылда егіс алқабын бес есе ұлғайтқан

29.11.2021

Соңғы жылдары қолданыссыз бос жатқан жерлерді қайтару ісі қарқынды жүзеге асып келеді. Нәтижесінде іскер азаматтар егін егіп, мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алды. Шығыс Қазақстандағы Бесқарағай ауданында аз уақыт ішінде үлкен нәтижеге қол жеткізген Әубәкіровтар шаруашылығы – осыған дәлел. Серіктестіктің тыныс-тіршілігін Ержан Жақып көріп қайтты.

Қаңырап ескі-құсқы қора қопсы қалған жерге ағайынды Әубәкіровтар өз қаржысын салып, егін шаруашылығына қажетті нысандарды түгел жаңадан тұрғызды. Қазір қамбалары астыққа толып тұр. 3,5 мың гектар жерге дәнді-дақыл егіп бастаған диқандар екі жылда егін алқабын 15 мың гектарға дейін ұлғайтқан. Серіктестік ашылғалы ауыл халқының да тұрмысы түзеле бастаған. Қазір шаруашылық 50-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Талғат Әубәкіров серіктестік, басшысы:
Әрі қарай дамуды көздеп отырмыз. Жылдар бойы бос жатқан 5,5 мың гектар суармалы жерге егін салу жоспарымызда. Қазір құжаттарын рәсімдеп жатырмыз. Сөйтіп Шығыс Қазақстан облысы бойынша ең ірі суармалы егін алқабын құрмақпыз.
Мұндай нәтиже болғандықтан, қазір жергілікті әкімшілік қолданыссыз бос жатқан жерлерді ірі инвесторларға қайтаруды қолға ала бастады.

Жұмагелді Бопаев, Бесқарағай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Спутниктен қарап, қазір түгелін біліп отырмыз. Кім еккен, кім екпегенін Кім қалай ұстап жатқанын бәрін бақылай аламыз. 

Негізінен мал өсірумен айналысатын Бесқарағай ауданында 56 мың гектар егістік алқабы бар. Енді қолданыссыз жатқан жерлерді қайтару арқылы оның көлемі алдағы жылдары екі есеге артпақ.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу