Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Ыстамбұлда «Алатау» дәстүрлі өнер театрының кеші өтті. Қазақтың өнерлі қыз-жігіттері ән мен жырдың тиегін ағытып, мың бұрала билеп, көрерменнің айызын қандырды. Алтыбақан дәстүрінің желісі бойынша қойылған спектакль-концертте дәстүрлі әндермен қатар айтыс, күй тартыс, қаражорға биі сияқты ұлттық жауһарларымыз да көпшілікке паш етілді. Өнерпаздар түріктің ұлттық әндерін шырқап, биін де биледі. Кешке жиналған жергілікті халық пен Түркияда тұратын қазақтар шығармашылық топқа үлкен қошемет көрсетті. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі театр ұжымына арнайы сый-сияпаттарын да табыстады.
Мустафа Шансал, көрермен:
Мен өзім Қырым татарымын. Бүгінгі концертке отбасымызбен келдік. Керемет кеш болды. Біз бұл концертті Түрік елдері ұйымының құрылуына құттықтау деп қабылдадық. Қазақстандағы бауырларымызға үлкен сәлем жолдаймын.