Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар еуропалық компаниялардың жетекшілерімен кездесті

26.11.2021

Қазақстан мен Бельгия жаңа ірі жобаларды жүзеге асырмақ. Бүгін қос ел үкіметі бес құжатқа қол қойды. Олардың ішінде «жасыл» сутегіні Қазақстанда өндіру бойынша келісім бар. Маңғыстау облысында заманауи отынды шығаратын үлкен кәсіпорын салынбақ. Келісімдер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға ресми сапары аясында жасалды. Мемлекет басшысының Брюссельдегі кездесулерінің нәтижесін Альбина Әшім тарқатады.

Бұл - Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға алғашқы ресми сапары. Жалпы, пандемия басталғалы Еуропаға жол енді түсіп отыр. Бұған дейін президент 2019 жылы Германияда болған. Енді, міне, ресми Брюссель құрмет көрсетіп, қазақ басшысын қарсы алып жатыр.

Бельгия королі Филипп Қасым-Жомарт Тоқаевты өзінің сарайында қабылдады. Кездесуде саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемалар жөнінде пікір алмасты.

Альбина Әшім, тілші: 
Әңгіменің барлығы БАҚ-сыз өтті. Әдетте қарапайым халық үшін де есігі ашық зәулім сарай пандемияға байланысты қазір қонақтарды шектеуге мәжбүр. Ал сарайға тоқталсам, ғимараттың қасбеті классикалық үлгіде ХХ-ғасырдың басында жасалған. Бұған дейін бұл жерде Брабантский герцогтарына тиесілі он бірінші ғасырда салынған зәулім сарай болған. Сан ғасырлық тарихы бар резиденцияда Қазақстан үшін маңызды тарихи келісімдер жасалды деген үміт бар.

Бельгия – Қазақстан экономикасына инвестиция салу бойынша алтыншы орындағы мемлекет. Ең ірі компаниялар мұнай-газ саласының инфрақұрылымы, машина жасау, су тазарту сынды бағыттар бойынша жұмыс істейді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия премьер-министрі Александр Де Кроомен келіссөздер кезінде сауда-экономикалық байланысқа басымдық берді. Сондай-ақ кездесуде коронавирусқа қарсы күрес мәселесі талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев QazBioPharm ұлттық холдингі мен жақында құрылған бельгиялық биофармацевтикалық платформа арасында ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

Ал Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы қатынасты дамытуға басымдық берді. Жаһанды алаңдатқан Ауғанстандағы қауіпсіздік, Орталық Азиядағы су ресурстары да сөз болды. Қазақ басшысы аймақтағы мемлекеттердің гидроэнергетика, ирригация және қоршаған ортаны қорғау саласындағы маңызды мүдделерін теңестіру үшін Халықаралық су-энергетикалық консорциум құру керек деді. Ал ЕуроОдақ жүзеге асырып жатқан еуропалық «жасыл келісім» атты жаңа экологиялық даму жоспары бойынша серіктестікке дайын екенін мәлімдеді.

«Жасыл экономика» демекші, Қасым-Жомарт Тоқаев немістің «Svevind Group» компаниялар тобының президенті Вольфганг Кроппен осы бағыттағы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жөнінде келісімге келді. Еуропалық компания қаржы құйып, Маңғыстау облысында жасыл сутегі өндіретін кәсіпорын салмақ. Жасыл сутегі – жаңа отын түрі әрі көп ұзамай әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болады. Ал Қазақстанда оны өндіру үшін жер де, жел де, күн энергиясы да жеткілікті. Сондықтан бұл келісім екі жақ үшін де тиімді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Сізді Брюссельде көргеніме қуаныштымын. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы кездесуіміз жемісті болды. Осы келісімге қол қою арқылы алға қарай үлкен қадам жасадық деп ойлаймын. Сіздің компанияңыздың Қазақстанда атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалаймын. Жаңа жобаның жүзеге асырылуын өзім қадағалаймын.
Вольфганг Кропп, «Svevind group» компаниялар тобының президенті: 
Президент мырза, сізбен қайта жүздескенім үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстанмен табысты жұмыс істеп жүрміз. Ал осы меморандумнан кейін әріптестегіміздің аясы кеңейе түсетініне сенімдімін.

Ал бельгиялық «Joh Cockerill» компаниясының басқарма төрағасы Жан-Люк Моранжбен кездесуде Қазақстандағы теміржол локомотивтері мен жаңартылатын қуат көздерін жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобалар талқыланды. Жалпы, Президенттің Бельгияға сапары аясында бес құжатқа қол қойылды. Білім беру саласында «Болашақ» бағдарламасы мен «Couch Of Europe» бірлесе жұмыс істемек. Ал ауыл шаруашылығы бойынша жаңа жоба: қос ел зығыр майын Қазақстанда өндіруге мүдделі.

Кристоф Вандервекен, «Vandenputte» компаниясының сату жөніндегі менеджері: 
 120 жылдық тарихы бар біздің компаниямыз негізінен жылына 150 мың тонна зығыр дәніне зәру. Қазақстандық компания бізге осы сұранысымыздың 10-15 пайызын қанағаттандырып, зығыр дәнін бізге жеткізсе жақсы болар еді. Қазір біз зығыр майын Оңтүстік Америка, Оңтсүтік Африка, Азияға экспорттап отырмыз. Азиядан зығыр дәнін сатып алып, зығыр майын қайтадан Азияға экспорттауымыз тұрпайы көрінуі мүмкін. Сондықтан шикізатты бірден Қазақстанда өндіріп, зығыр майын Азия, Еуропа елдеріне тасымалдау тиімдірек болары сөзсіз.

Осылайша, Бельгия Қазақстан үшін Еуропаға жол ашса, Қазақстан Еуропаны Азиямен байланыстыратын көпір болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға екі күндік сапары Еуропалық комиссия төрағасы Урсула вон дер Ляйенмен кездесумен аяқталады. Бұдан соң президент Швейцарияға аттануы тиіс.

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу