Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жүгіруден ұлы марафон басталды. Оған қатысқан 12 желаяқ өз тәжірибелерін қайта дәлелдейтін болады. Олар елордадан Оралға дейінгі 2021 шақырым қашықтықты жүгіріп өтпек.
Елорданың мемлекеттік рәміздер алаңына жиналған спортшыларға қала тұрғындары сәт-сапар тілеп, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Ұзақ қашықтықты олар осыған дейін де жүгіріп өткен. Өте тәжірибелі әрі төзімді. Қыста екі мыңнан астам шақырымды жүгіріп өту еш қиын емес дейді. Қатысушылардың ең кішісінің жасы 18-де, ең үлкені 61-де.
Талапнұр Байзақ, марафонға қатысушы:
Оған төзімді болу керек. Біз жылда күнде таңертең жүгіріп жүрген соң, суыққа үйреніп алдық.
Желаяқтар екі шаһардың арасын 8 күнде жүгіріп өтуді көздеп отыр. Бағыты елордадан бастап, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе қалаларынан өтіп, Орал қаласында аяқталады. Әр қалада тоқтап, түнеп, таңертең қайта жолға шықпақ ойда. «Аяңдамаймыз, көлікпен де жүрмейміз» деген сөздерді ұранға айналдырды.
Талғат Ерғалиев, марафон ұйымдастырушысы:
Арнайы форманы киіп алдық. Кеудеміз жылы болсын деп, қолымыз жүгіруге жеңіл болсын деп, осындай формамызды тікті. Негізі мықты жігіттер. Бәрін үйренген.
Марафоншылардың пандемияға дейін де қыстыгүні жүгіріп өткен тәжірибесі бар. Іс-шара Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына сый ретінде ұйымдастырылып отыр.
Ламбриан Топузидис, тілші:
Бүгін - Қазақ елі үшін айтулы күн. Ауа райының ызғарына, аязына қарамай, спортшыларымыз осы дистанцияны еңсеріп өтуге бел буған. Және де осыған дайын. Тек қана ақ жол, сәттілік тілейміз.
Ламбриан Топузидис