Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттауы мүмкін

25.11.2021

Алматыда Жаңа жылдан кейін қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттауы мүмкін. Сондай-ақ жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысы қолға алынбақ. Бұл туралы қала әкімдігі бүгін баспасөз жиынында хабарлады. Қазір бізбен тікелей байланысқа әріптесім Қуан Нұрақын шығып тұр.
Қуан Нұрақын, тілші:
Бүгін қала әкімінің орынбасары Серік Құсайынов брифинг барысында бірқатар жаңалықтарға тоқталды. Оның сөзінше қазір қоғамдық көліктермен қатынаудың шынайы құны қазіргі бағадан екі есе жоғары. Сондықтан кәсіпорындар мен тасымалдаушы компаниялар бағаны көтеруге мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ Талғар қаласын Алматымен жалғайтын жоғары тас жол бойына жеңіл рельсті көлік жолын салу мәселесі қолға алынғанын айтты. Бұған дейін ЛРТ салу мәселесі бірнеше рет көтерілген болатын. Жоба инвесторлардың есебінен жүзеге асырылмақ. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Серік Құсайыновтың сөзінше көлік кептелісін азайтып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау үшін метроның бағыты да өзгермек. Енді жүрдек пойыз «Алтын Орда» базарына дейін қатынайды. Осылайша Наурызбай ауданының батыс бөлігін қала орталығымен байланыстыру жоспарланып отыр. 
Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу