Қазақ мәдениеті мен өнерін әлемдік деңгейге шығару керек. Ал, мәдениет пен өнердің ұйыған ордасы - мұражай. Оңтүстік Қазақстан облысында 24 мұражай, 2 көркемсурет галереясы халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мемлекеттік және жекеменшік мұражайлардың өзекті мәселелеріне тілші үңіліп көрді.
Оңтүстікте жекеменшік 5 мұражай бар. Бұл бесеудің бірі - «Этномузей-Шымкент» мұражайы. Бұнда саз кесекті қамырша илеп, құмыра жасайды, 15 түрлі аспапқа жан бітіріп, қазақтың көне салт-дәстүрінен сыр шертіп, қызмет көрсетеді. Тіпті, мұнда жеті құлаш тереңдікке түсіп, 70 метр жол жүріп, жер астына саяхат жасауға болады. Өзгеден ерекшелігі де жоқ емес.
Кендебай Қарабдалов, «Этномузей-Шымкент» мұражайының директоры:
Бұл музей біздің өмірімізбен, дәстүрімібен тұтасып, бірігіп кеткен десек болады. Басқа мұражайлардан айырмашылығы - өткен ғасырдағы жәдігерлерді сақтаумен айналысады. Өткен ғасыр тілімен сөйлейді.
Аумағы 2 сотық бұл мұражайда 700-ге жуық жәдігер бар. Өткен жылы 300 адамға қызмет көрсеттік, дейді. Дені шетелден келген туристер. Мұнда үш адам жұмыс істейді. Қысқасы, Үкіметтен қаржы сұрап, демеуші іздеп жүрген жоқ. Өзі қожа, өзі би.
Кендебай Қарабдалов, «Этномузей-Шымкент» мұражайының директоры:
Ең өзекті мәселе - осындай бай мұрамыз бола тұра, жас ұрпаққа көрсетейік десек, Білім басқармасымен, Білім және ғылым министрлігімен екі арада тәрбие жұмысында пайдалану үшін осы объектілер жұмыс жоспарына қосылмаған. Осындай келісімшарт болмаған соң, балаларды әкелу мүмкін емес.
Мәдениет саласының басшылары болса, өз уәждерін алға тартып отыр.
Күлия Айдарбекова, ОҚО Мәдениет басқармасының басшысы:
Бұл жерде енді ешкімге өкпе, реніш болмауы керек. Міндеттеп оқушыларды сыныппен де әкелуге болады. Ол одан емес, әр бала, әр оқушы, әр ата-ана өзінің жүрек қалауымен, қызығушылықпен келуі тиіс.
Ал, 94 жылдық тарихы бар, облыстық тарихи өлкетану мұражайының тыныс-тіршілігі тіпті басқа. 61 штаттық бірліктен тұрады. Оның 28-і ғылыми қызметкер. Әрісі, біздің заманымызға дейін II-IV ғасыр, берісі тәуелсіздікке дейінгі 68 мың құнды жәдігерлермен толыққан. Алдағы мақсаты да айқын.
Мемлекет қарамағындағы мұражайлардың ұпайы түгел-ау, жекеменшік этномузейдегі құнды жәдігерлер көзден таса қалуда.
Нұрлан ӘЛІМБАЕВ