Қазақ телевизиясы үшін айтулы оқиға. Бүгін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы Ұлттық арнаны әр жылдары басқарып, елеулі еңбек сіңірген тұлғалардың құрметіне бюст ашты.
Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев және Шерхан Мұртаза қазақ телевизиясы үшін ғана емес, күллі ұлт руханияты үшін өлшеусіз қызмет етті. Телеарнаның бой түзеп, қазақы қалып пен ұлттық нақышта дамуына күш салды. Салтанатты шараға қатысқан корпорация төрайымы Ләззат Танысбайдың сөзінше, өскелең ұрпақ үшін тау тұлғалардың есімін ұлықтау - игілікті іс.
«Ұжымды ұйыстырып, ұлт үшін қызметте күш біріктіру де оңай шаруа емес. Осы істің басы-қасында жүрген басшылардың есімін жаңғыртқан Ұлттық арнаның бастамасы құптарлық»,- дейді телевизия ардагерлері.
Шәміл Әбілтай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:Халықтың айнасы, бүкіл болмысты кеңістікке тарататын қарашаңырақ - «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы үлкен бастама көтеріп, қоғамның алдында, осы саланы басқарған, кемеліне келтірген басшы азаматтарды ұмытпай, мүсінін қою - жас ұрпақ үшін ауадай қажет нәрсе. Марғасқалардың тағылымы жұғысты, сіңісті болып, қадамдарыңыз құтты болсын дегім келеді.
Жазира Оразқызы