Шетелде Шардараның балығына сұраныс артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелде Шардараның балығына сұраныс артып келеді

16.11.2021

Түркістан облысындағы Шардара ауданында балық өнімдерінің экспорты жылдан жылға артып келеді. Жыл басынан бері 3 мың тоннадай балық өндірілген болса, оның 2600 тоннасы алыс-жақын шетелдерге саудаланған. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысатын 5 зауыт Еуропа, Америка, Израиль сияқты дамыған мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, тұрақты түрде тапсырыс қабылдауда.

Шағалалы Шардара қазір тек Түркістан облысын ғана емес, еліміздің барлық өңірлерін балықпен қамтып отыр. Аудандағы 5 балық өңдеу зауыты жылына 4 мың тоннаға жуық өнім өндіреді. Ал дайын өнімнің 20 пайызы отандық нарыққа шығарылса, қалғаны шекара асады.

Таңатар Есенбаев, технолог:

Бұл жерде 9 түрлі балық өңдеп шығарамыз. Шетелдерге экспортқа шығарып жатырмыз. Германия, Ресей, Израиль, Америка тағы басқа елдерге экспорттаймыз.

Зауыт жылына 2600 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда қос бірдей желі жұмыс істейді. Балық сүйегінен ажыратылады, сүбе еті сылып алынады. Тіпті қалдығынан ұн шығарылады. Тиімділігі сол, шикізат қалдықсыз өңделеді. Кәсіпорында 250-ге тарта адам жұмыс істейді.

Айгүл Күрленова, жұмысшы:

Айлығымыз 150-140 мыңдай, істеген жұмысымызға қарай аламыз.Мынадай балықты кесіп, кептіріп, дайын өнім дайындап береміз.

Зауыт сондай-ақ көксерке мен алабұғаның да таза етін экспорттайды. Қақталған қаракөз бен табанға да сұраныс жоғары. Сондықтан өндіріс басшылығы балық шабағын Қарағандыдан тасымалдап, оны қолдан өсіріп жатыр. Мұндағы жасанды көлден жылына 350 тонна су жәндігі алынады. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Сондықтан болар, кейінгі жылдары балық шаруашылығына қызығушылық артып отыр.

Өмірбек Рүстемов, Шардара аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:                                                                                  

Балықшыларға мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша несиелендіру, инфрақұрылым жеткізу бағытында қолдаулар жасалған. Сонымен қатар балық өсіру жобалары да қолға алынуда. Оларға да несиелендіру, субсидиялау қарастырылып, бөлініп жатыр.

Мамандардың айтуынша, балық шаруашылығын дамыту үшін тұрғындарға жер учаскесі бөлініп жатыр. Енді субсидиялау көлемін арттыру қажет. Сонда балық өсіретін шаруашылықтар мен экспорт көлемі арта түспек. Осылайша дайын өнімнің жылдық көлемін 10 мың тоннаға жеткізу көзделген.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу