Ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеуге тараздықтар да үлес қосып келеді. Өнер саласының азаматтары тек сахнада емес, ұлттық спортта да бақ сынауда. Алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық «Өнер көкпары» аймақтағы ат спортының дамуына сеп болуда.
Тараз маңындағы Атшабар алаңында өткен додаға еліміздің 4 өңірінен өнерпаз команда қатысты. Қамбар түлігін тақымдаған көкпаршылар топтық бәсекеде сайысқа түсті. Бас жүлде қоры - 1 миллион теңге.
Жалпы, елімізде өнер көкпарының ұйымдастырылып жүргеніне бір жыл. Шараның мақсаты - танымал өнер адамдары арқылы ұлттық спортты көпшілік арасында кеңінен насихаттау. Тараз табанын дүбірге бөлеген доданың нәтижесі бойынша бірінші орын - Әулиеата-өнер командасы, екінші орын - Жетісу Алматы облысы және 3 орынға - Елорда командасы жайғасты.
Нұрбол Үсенқұлов, «Әулие-ата көкпар» командасының көкпаршысы:
Иә, қарсылас командаларды бұрыннан білеміз. «Өнер көкпары»-ның ашылғанына да көп болған жоқ, біз екінші мәрте кездесіп жатырмыз. Барлық 4 команда да өз алдына мықты.