Таразда «Өнер көкпары» өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Өнер көкпары» өтті

07.04.2021

Таразда тұңғыш рет өнерпаздар арасында көкпардан жарыс өтті. Турнир ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылды. Ерекше шарада еліміздің бірнеше өңірінен келген командалар додаға түсті. Ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеуге бағытталған шарадан әріптесім Сәбит Әлдебайдың материалы.

Әулиеата атшабарында өткен додаға еліміздің 6 өңірінен өнерпаздар командалары қатысуда. Әр қайсысында 10 ойыншыдан. Жарыс кезінде өнер жұлдыздары тек сахнада ғана емес, көкпар алаңында да епті екендігін көрсетті.

Тәуекел Мүслім,   актер:
Барынша қол бос болғанда балалармен жиналып дайындалдық. Басқа құраманың жігіттері өзара кездесіп дайындалып жүрдік. Қарсылас командалардың барлығының дайындығы жақсы екен.

Ойыншылар турнирдің алғашқы кезеңінде жолдастық кездесу мен шағын ойындар барысында іріктелген. Алдын ала дайындықтан өткізіліп, тәжірибе жинақтаған. Жоба ұйымдастырушылары танымал өнер иелері арқылы ұлттық спортты кеңінен насихаттауды көздеп отыр.

Ойында өзгелерден оқ бойы озып шыққан Шымкенттік «Құлагер» командасы болды. Екінші орын Ақмола командасына бұйырды. Енді, өнерпаз рпалуандардан құралған топтар шілде айында ойынның бас жүлдесі үшін тартысқа түседі.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу