Қарағанды облысында 12 жастан бастап 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және емізулі аналарды коронавирусқа қарсы Pfizer препаратымен иммундау шарасы басталды. Балаларады вакциналау тек ата-аналардың жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі. Жалпы, облысқа 40 950 доза Pfizer вакцинасы жеткізілген. Препарат екі компонентті болғандықтан, 20 мыңнан астам тұрғынға жетеді. Қазір Қарағанды облысы - «сары» аймақта.
Ербол Дүйсекенов, қалалық №3 емхананың КВИ орталығының меңгерушісі:
Әлеуметтік желілерде жарнама болды, біздің емхана бірінші болып бастайды деген. Сондықтан мұнда келген адамдардың бәрі өз еркімен келді. Келген адам міндетті түрде тексеріледі. Бұрын қандай аурулармен ауырғаны, жағдайы сұралады. Денсаулық сақтау ұйымы тексерістен өткізген, біріншіден. Бұл вакцинаны балаларға салуға болады. Яғни препаратты балаларға жасаған дегенді білдіреді.
Шымкент қаласында мектеп оқушыларына Covid-19 инфекциясына қарсы вакцина салына бастады. Ол үшін мегаполиске «Pfizer» вакцинасының 46 мың 800 дозасы жеткізілді. Жасөспірімдерге екпе салу ата-аналарының толық келісімімен жүргізілуде. Мектеп оқушыларының екпе салдыру үшін емхана немесе арнайы пункттерге баруының қажеті жоқ. Вакцина салу ісі мектеп ішінде жүргізіледі. Қажет болса, шәкірттердің әке-шешесі де процедураға қатысуына мүмкіндік жасалған. «Pfizerді» алғашқылардың бірі болып салдырып жатқандардың бірі - №25 Т. Рысқұлов атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Мерей Алдаберген.
Мерей Алдаберген, 11 сынып оқушысы:
Мен вакцина салдыруға қарсы емеспін. Және үйімдегілердің келісімімен салдырайын деп жатырмын. Себебі вацинаны салдыру арқылы біз осы індеттен құтылатынымызға көзіміз жетті.