Беларусь пен Польша шекарасында жағдай. Аптаның басы – дүйсенбіде Польша шекарашылары Беларусь жақтан өткісі келген мыңдаған босқынды Еуропа аумағына кіргізбегендерін мәлімдеді. Содан бері жағдай ушығып кетті. Поляк шекарашылары мен жауынгерлері «тірі қалқан» түзген, ал мигранттар «Germany! Germany!» деп айғайлап, олардың негізгі мақсаты - Польша емес, Германия екенін аңғартқылары келген. Польша билігі «Алдағы уақытта шекарадағы жағдай ушығып, әскер күшін қолданудан басқа амалымыз қалмауы мүмкін» деген. Ал Беларусь билігі жағдайға қатысымыз жоқ, мигранттар өздері жиналды деп отыр.
Алдында Таяу Шығыс пен Африкадан Минскіге мигранттар ұшып келгені туралы хабар шыққан. Жалпы, шекарадағы дағдарыстың басталғанына бірнеше ай. Мұның алдында да Еуропа одағы Беларусь басшысын мигранттарды Литва, Латвия және Польша шекарасына әдейі жіберіп жатыр деп айыптаған. Лукашенко әрине айыптарды жоққа шығарады.
Польша мен Литва шекарадағы миграциялық дағдарысты Лукашенконың Еуропа одағының санкциясына жауап ретінде жасап жатқан гибридтік соғысы деп санайды. Былтыр Еуропа одағы Александр Лукашенко президент сайлауында белден басып отырып «жеңді», оппозицияның бейбіт наразылық шарасын қатыгездікпен басып-жаншыды деп, оның режиміне санкция салған еді.
Сондай-ақ, Польша мен Беларусьтің тәуелсіз басылымдары Лукашенко режимінің «Шлюз» операциясы жайлы жазған. Минск Таяу Шығыс пен Африкадан келген мигранттарды Беларусь арқылы Еуропа одағына жіберуді жоспарлайды. Ал ЕО мигранттарды шекарадан өткізгісі жоқ. Мигранттар болса, шекара бойында ас-сусыз өте қиын жағдайда жатыр. Бұған дейін бірнеше адам суықта тоңып қайтыс болғаны хабарланған. Демек Беларусь билігі зәбір көргендерге қайырымдылық танытқысы келген кейіп танытады, бірақ негізгі ойы қандай екенін байқау қиын емес. Тек зәбірленгендерге неге өздері пана болмайды екен?..
Ресми Берлин шекарадағы дағдарысты Польша мен Германия шеше алмайтынын айтып, тіпті канцлер қызметін уақытша атқарып отырған Меркель Ресей президенті Путинге екі рет хабарласқан. Лукашенкоға ықпал етуді сұрап. Меркель мигранттарды ЕО-ға қарсы қоюды «адамдыққа жатпайтын тірлік» деп атаған. Алайда Минск әрі қарай ушықтырып барады.
Аптаның соңында Беларусь басшысы А.Лукашенко Еуропаға газ тасымалын бөгейтіндерін айтып, қорқытпақшы болды.
«Александр Лукашенко қағаз жүзінде Еуропаға газ тасымалын тоқтату жөнінде бұйрық бере алады, бірақ бұл транзит дәлізі жөнінде келісімшартқа қайшы». Ресей президенті Владимир Путин «Ресей» арнасының тілшісіне солай деген. Путин мәселені Лукашенкомен талқылайтынын жеткізген.
Ол сонымен бірге Ресейдің Беларусь пен ЕО шекарасындағы миграция дағдарысына қатысы жоғын айтқан. Оның сөзінше, шекарадағы мигранттарды ресейлік әуе компаниялар жеткізбеген. Еуропа шекарасына ол адамдарды «белгілі бір топ» бағыттап жатыр, ал оған мүдделі топтар Еуроодақтың өзінде отыр деп деп санайды. Алайда Минскінің бұл «ойынының» режиссері Мәскеу деген болжам бар.