Павлодарда көмір тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда көмір тапшы

12.11.2021

Павлодарда тағы да қатты отын тапшы. Ертіс, Железин аудандарында тоннасы 22 мың теңгеге жетті. Бәрінен де көмірді жақын жерден алып үйренген облыс орталығының тұрғындарына қиын болды. Тонналап түгілі қапшықтап сатып алатын көмірдің өзі болмай тұр. Ірі кәсіпорындарда да көмір қат. Оларға күніне 1-2 вагон ғана келеді.

Көмірді вагонмен алдыратын базалардың қожайындары ірі кәсіпорындар алдындағы міндеттемелерін орындай алмай жатырмыз деп ақталады. Себебі алдын ала төлем жасалғанына қарамастан, кеніштер көмір жібермей отыр. Жергілікті билік болса бұл мәселеден бейхабар.

Асайын Байханов, қала әкімі:
Павлодар облысында көмір болмауы мүмкін емес. Өйткені бізде бірнеше көмір қазып алатын кеніштер бар. Сондықтан ол сұрақпен біз айналысайық.

Бейресми мәліметке қарағанда Екібастұз өңірінен шығатын көмірдің экспорттық бағасы қымбаттаған. Сондықтан кеніштер ішкі нарықтан гөрі, қара отынды шетелдерге жіберуге мүдделі.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу