Президенттік және Мемлекеттік стипендия лауреаттары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттік және Мемлекеттік стипендия лауреаттары анықталды

07.02.2014
Президенттік және Мемлекеттік стипендия лауреаттары анықталды
Бүгін Алматыдағы Достық үйінде әдебиет пен өнер қайраткерлері бас қосты. Өнер өлкесі мен әдебиет әлемінде жүрген 100 тұлға Президенттік және Мемлекеттік стипендия лауреаттары атанды.
 
Ел Президенті Сочи Олимпиадасының ашылу салтанатына қатысатындықтан, стипендияларды тапсыру рәсіміне қатыса алмады. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік және Мемлекеттік стипендия лауреаттарына құттықтау хатын жолдады.
 
Онда: «Мәдениетті қолдау халық руханиятын байыта түседі. Біз Мәңгілік Ел болу үшін тіл, руханият, дәстүр және басқа да ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дамытуымыз керек», делінген.
 
Шығармашыл жастарды шабыттандыратын, абыздық жасқа жеткен ақсақалдарды рухани қолдайтын сыйлыққа ие болған қайраткерлердің бірі алғысын сөзбен, бірі осылайша өлеңмен жеткізді.
 
Стипендия лауреаттарына арналған Елбасының құттықтау сөзін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқыды. Дәстүрлі Президенттік сый ең алғашқы рет 1994 жылы берілген. Жиырма жыл бойы үздіксіз беріліп келеді. 
 
Ақұштап Бақтыгереева, ақын:
Халық әдебиеті, сөз өнері қашанда алда болсын, деп Елбасы жылда басымызды қосып, жастарға көңіл бөліп, кездесіп отырады. Бұл үшін әрине, алғысымыз шексіз. Ана тілін ақыннан артық білетін Президенті бар. Сол үшін біздің халық мақтана алады.
 
Отандық мәдениетті дамытуға зор үлес қосқаны үшін Президенттік стипендияға ие болғандар қатарында Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев сынды бірнеше көрнекті жазушылар мен өнер қайраткерлері бар. 
 
Берік Айтжанов, Еркін Шүкіманов, Мәдина Баспаева, Әлия Досбатырова сынды жас дарындарға да мемлекеттік қолдау көрсетілді. Олар материалдық қолдауға емес, Елбасының ыстық ықыласына марқайдық, дейді. 
 
Бибігүл Төлегенова,ҚР Халық әртісі:
Біздің ел әлі де көптеген жақсылыққа куә болады. Сондықтан, еліміз аман болсын, Елбасы аман болсын! Тыныштық болсын, аспанымыз ашық болсын, мәңгілік еліміз аман болсын!
 
Рухы берік, мәдениеті озық, әдебиеті мен өнері өрелі елдің төрт құбыласы түгел болатыны ақиқат. Ендеше, әдебиет пен өнердің киесін һәм жүгін көтерген тұлғалардың мерейі үстем болғаны керек.
 
Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу