«Вalapan» арнасында анимациялық жобалардың үлесі көбейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Вalapan» арнасында анимациялық жобалардың үлесі көбейеді

10.11.2021

«Вalapan» арнасында анимациялық фильмдердің үлесін көбейтпек. Келер жылы телеарна эфиріндегі оның үлесі 90 пайызға жетеді. Бүгін «Қазақстан» корпорациясы анимациялық компаниялармен ашық талқылау өткізіп, келер жылы көрермендерге ұсынылатын жобаларға іріктеу жасады.

«Balapan» телеарнасы отандық компанияларға әрдайым қолдау білдіріп, кәсіби мамандарды қалыптастыруда үздіксіз еңбек етіп келеді. Келер жылға 29 компания 55 түрлі жоба жасауға ниет білдірген. Талқылау барысында негізінен салауатты өмір салтын насихаттайтын, қазақ тарихы мен музыкасынан және балалар әдебиетінен сыр шертетін, жаңа технологияларды тануға үндейтін анимациялық сериалдарға басымдық берілетіні айтылды.

Жәнібек Өнербекұлы, анимация режиссері:

Бүгінде ашық айта аламыз: «Вalapan» арнасы - Қазақстандағы анимациялық киностудиялардың жандануына, өмір сүруіне ауадай қажет дәрумен ретінде қолдап келе жатқан бірден-бір маңызды орталықтың бірі. 

Қымбат Досжан, «Вalapan» телеарнасының директоры:

11 жылдық тарихы бар «Вalapan» телеарнасының өткізіп отырған бұл ашық талқылауы, шынымен де, бірінші рет. Балаларды тек қана экранға тәуелді етіп қойған заманда  далаға шықсын, спортпен айналыссын, танымдық дүниеге құштар болсын деген мақсат қойып отырмыз. 


Хабарламаларға жазылу