Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Бақанас ауылында ілкімді істер қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Бақанас ауылында ілкімді істер қолға алынды

10.11.2021

Облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекенде көпқабатты тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар бастан-аяқ жөнделуде. Ішкі жолдарға асфальт төселіп, спорт кешендерін салу жоспарланған.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бұл - Бақанас ауылындағы ең биік ғимарат. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында алғаш рет ауылға бес қабатты тұрғын үй салынып жатыр. Алдағы жылы дәл осындай 40 пәтерлі баспана салу жоспарланып отыр.

Екі және үш бөлмелі пәтерлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларына биыл берілмек. Бақанас ауылында баспана кезегінде 400-ден астам отбасы тұр. Сондықтан құрылыс жұмыстары келер жылы да жалғаспақ.

Нұрбол Аманқұлов, бригадир:

Жұмысшылардың басым бөлігі осы аудандікі. Құрылыс материалдары да осы Қазақстандікі. Сырт жақтан келіп жатқан ондай материалымыз жоқ. Бәрі осы Қазақстанда жасалған. Сертификаты түгел.

Бақанас ауылындағы аудандық аурухана да бастан-аяқ жөнделіп жатыр. 1,9 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары 15 айға жоспарланған. 1985 жылдан бері жөндеу көрмеген ғимараттың іші сыртынан бөлек құрал жабдықтары да жаңартылмақ.

Дәурен Иманалиев, Балқаш аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізуге аппарат алынып жатыр. Оның сыртында туберкулезді ерте анықтау мақсатында цифрлық флюрограф аппараты алынып отыр. Заман талабына сай лапроскопиялық видеоэндоскоп дейді, іш қуысына жасалатын операциялардың барлығын лапроскоп арқылы жасау жоспарланып отыр.

Мұнан бөлек 700 млн теңгеден астам қаржыға ауданның ішкі және сыртқы жолдары қалпына келтірілді. Бақанас ауылына көгілдір отын да тартылып жатыр.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу