Шығыс Қазақстанда «Сөз бен сурет» байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда «Сөз бен сурет» байқауы өтті

09.11.2021

«Сөз бен сурет». Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай осындай атаумен ерекше байқау өтті. Суырып салма ақындар суретшілердің картинасына қарап өлең шығарды. 

Сурет пен сөз өнерін біріктірген байқауға Гүлнәр Бекбердинова үш картинасын ұсынған. Қылқалам шеберінің бір суретінде алтын адам табылған «Елеке сазы» жазығы және тақта отырған батыс түрік қағаны бейнеленген.

Гүлнәр Бекбердинова, суретші:

Бір жарым айда үш сурет салдық. Бәрі өзіміздің тарихымызға байланысты. Сондықтан біз, шыны керек, уақыт жағынан қысылдық. Бірақ намысымызға тырысып салдық. Бұл суреттер осында қалады екен. Осы Мәдениет сарайына келетін көрермендерде әдемі көзқарас қалыптасады. Келешек жасөспірімдер үшін рухани азық деп ойлаймын.

Қазылар алқасының назарына барлығы 35 картина ұсынылды. Суретшілердің дені өз туындысы арқылы Алтайдың сұлу табиғатын насихаттаған. Туған жер мен елге деген сүйіспеншілікті оятатын суреттерге қарап ақындар өлең шығарды.

Әлібек Қаңтарбаев, ҚР «Жазушылар одағы» ШҚО филиалының директоры:

Бүгінгі  «Сөз бен сурет» шарасы -  тың жоба. Қазақтың ежелден құт бен кие дарыған Ақсуат Тарбағатай өңірі. Мынау соның бір айшықты көрінісі. Біз Өскеменде отырсақ та, қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Ақсуат, Тарбағатай өңіріне жалтақтайтын боламыз. Неге десеңіз, тың идеялар осы өңірден шығады.

Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені сүретшілерден Жарма ауданының тумасы Мәди Қайырханов, ал ақындар арасында өскемендік Есенбол Нақтыбай жеңіп алды.

Бәделхан Камалханұлы, байқау ұйымдастырушы:

Көп жағдайда суретшілердің еңбегі еленбей жатады. Міне, осы үшін суретші мен ақынды байланыстырып, қазақтың болмысын суретке салдырып, оны ақындарға жырлатып, осындай бір игі бастама болып жатыр. Бұл келер ұрпаққа, оның тәрбиесіне, оның елін, табиғатын сүюіне көп көмектеседі деп ойлаймын.

Бұл күндері Тарбағатай ауданында күрес өнерінің майталманы Молдабай Төкеұлының ескерткіші де ашылды. Бұл да Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырлған шара болды.

Қуаныш Амантайұлы


Хабарламаларға жазылу