Соңғы 5 жыл ішінде субсидиялауға 2 триллионнан астам теңге бөлінген. Алайда олардың жұмсалуы бойынша бірыңғай бақылау болмаған. Экономикалық пайдасын да көріп отырғанымыз шамалы.
Ұлттық экономика министрлігі бизнес өкілдері 2023 жылдан бастап тек электронды есеп беруі керек, олай болмаған жағдайда жауапкершілік қаралады деген бап бар заң жобасын Мәжіліске алып келген. Ал оған дейін жағдай түзеле ме? Себебі біздің уақытта интернетке қолжетімділік деңгейін және оның сапасы қандай екенін бір білсе, нақ Ұлттық экономика министрлігі білуі керек ғой. Білмейді екен. Жоспар туралы Цифрлық даму министрлігінен сұрамаған да. Цифрлық даму министрлігінің есебін Мәжіліс депутаттары келтірді. Қазір 768 ауылда интернет нашар, 1178 ауылда мүлдем жоқ. Байланыспен толық 2025 жылы қамтылады деп отыр.
Бұл мысалды ситуацияны бағамдау деңгейі қандай дегенге келтірдік. Тағы бір мысал: Президент қыркүйектің басында азық-түлік бағасы мен инфляция деңгейіне байланысты нақты тапсырмалар берген. Ал тіршілікте қалай болып жатыр? Қалай болып жатқанын қаз-қалпында Данияр Қайыртай сипаттайды.