Ұлттық қорға жыл басынан бері 2 трлн 600 млрд теңге түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қорға жыл басынан бері 2 трлн 600 млрд теңге түсті

12.07.2023

Ұлттық қорға жыл басынан бері 2 трлн 600 млрд теңге түсті. Қор нарығында төл валютамыз 2 жарым пайызға дейін нығайды. Бұл туралы Ұлттық банктің өкілі айтты. Бүгін министрлер кабинеті соңғы жарты жылдықты қорындылау үшін бас қосты. Ұлттық экономика министрінің дерегінше, жыл басынан экономика 5% пайызға өскен. Құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларында даму байқалады. Инвестиция көлемі 13 пайызға артқан. Былтыр 20 пайызға шарықтаған инфляция 14,6 пайызға түскен. Үкімет басшысы оны тағы азайтуды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Осы жылы инфляцияны 2 есе төмендету керек. Бұл біздің бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмыстарды талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет.

Ал Қаржы министрі жарты жылдық бюджеттің қалай жұмсалғаны туралы есеп берді. Биыл қазына 6,1 трлн. теңгемен толыққан. Бюджеттен бөлінген 49 млрд теңге игерілмеген. Тиісті қаржыны әсіресе, Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, Сыртқы iстер министрлігі уақытылы жұмсамаған. Оған әдеттегідей конкурстық рәсімдер мен шарт жасау мерзімінің созылуы себеп. Бюджетті игере алмаған жергілікті әкімдіктер де бар.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі:

Игерілмегені – 8 млрд. теңге. Ең көп игерілмеу: Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында қалыптасты.

Жыл басынан бері Ұлттық банктің алтын-валюта резерві азайған. Десе де, Ұлттық қорға түскен қаражат көлемі 2 жарым трлн теңгеден асты. Теңге де нығайып келеді. Биыл банктегі депозитін долларда емес, ұлттық валютамен сақтайтындар көбейген.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу