Қарағанды облысына қарасты Қызылқайың ауылының тұрғындары іргедегі өндіріс орындарынан зардап шегіп отыр. Елді мекеннің маңында құрылысқа қажетті құм өндіріледі. Карьердің бірі ауылдан не бары 300 метр жерде. Өндіріс тоқтатылмаса, ауыл халқы көшіп кетуден басқа амал жоқ деп отыр. Руслан Нұрланұлының сюжеті.
Құмнан көз ашпай отырған қызылқайыңдықтарға, әсіресе, желді күндері қиын. Дауыл соқса, жол тауып жүру мүмкін емес. Тысқа кіріп-шығудың өзі мұң.
Римма Шаймардан, Қызылқайың ауылының тұрғыны:
Бізде кішкентай балалар жоқ, балалары барлардың сабаққа баруы да мүмкін емес болып кетеді. Әуелі адасып кетуі де мүмкін. Қыста ақ қар басса, бізді қаншама құм басатын болып тұр.
Қареке Тоқтамұратұлы, Қызылқайың ауылының тұрғыны:
Жел соққан күні мұнда өмір сүру мүмкін емес. Біз құмға аунап біттік. Малдың көзі ауырады, аяқтары ақсайды. Балаларды ойнатудан қорқамыз Өйткені үйден 300-ақ жүз метр. Құм деген бос нәрсе, сырғып тұрады. Ол құласа қаншама бала қырылып қалады.
Облыс бойынша құм өндірісі тек осы - Бұқар жырау ауданында. Құрылысқа қажетті материал Қызылқайың ауылынан 5 шақырым қашықта шығарылады, ал екнішісі осы жерде. Өндіріс өз алдына, құм таситын жүк көліктерінен де шаң-тозаң аспанға көтеріледі. Жолдың да тоз-тозы шыққан.
Бақтияр Түсіпов, құм өндіретін компания өкілі:
Тұрғындардың шағымданғаны ол ескі карьердің орыны. Онда жерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар 80%-ке аяқталған. Қалған 20 процентінде өндіріс жүріп жатыр, бірақ ол ауылға жақын емес, кері жағынан. 2003-ші жылы санитарлық аймақ ауылдан 300 метр алыс болуы керек деген, кейін келе заң өзгерді де 500 метр болды. Ендігі өндірісте керісінше ауылдан алыстай беретін боламыз.
Құм өндірісі кезінде шығатын бейорганикалық шаңды сарапшылар «орташа қауіпті» санатына жатқызады. Оның құрамында 70% дейін кремний диоксиді болады. Ол соншалықты зиян емес. Деседе кей адамдардың ағзасында тітіркену реакциясын тудыруы мүмкін, дейді дәрігерлер. Бір қызығы- карьер ескі болғанымен, бірде-бір рет тексерілмеген.
Бақтияр Көлебаев, экологиялық инспектор:
Қарағанды облысы бойынша экологиялық департаментте бұрын соңды аталған кәсіпорынға тексеріс жүргізілмеген. Алайда жергілікті тұрғындар қағаз жүзінде арыз-шағым түсірсе біз кезектен тыс тексеру жүргізуге дайынбыз.
Құм өндірісінен келетін қатер осы тексеруден кейін нақты белгілі болмақ.
Руслан Нұрланұлы